Аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының орындалу барысына арналған жиын өтті.
Шараға Түркістан облысы прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, аудан прокуроры Ғалымжан Құдайқұл сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен білім беру саласының мамандары — мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар және психологтар қатысты.
Жиында облыс прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов тұжырымдаманың негізгі мақсат-міндеттері мен іске асыру тетіктері туралы баяндама жасап, балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, мектеп пен ата-ана арасындағы өзара байланыс пен тәрбие процесіндегі бірлескен жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар бала тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар тақырыбында пікір алмасып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбындағы көрмемен танысты. Көрмеде балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіз өмір салтын насихаттауға бағытталған ақпараттық материалдар мен шығармашылық жұмыстар қойылды.