Бүгінде Созақ ауданында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, соның ішінде ауыз су мәселесіне қатысты жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен және «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде кәсіпорынның демеушілігімен Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау елді мекендерінде қосымша ұңғыма қазу жұмыстары жүруде.
Қазіргі таңда Бабата ауылында тереңдігі 507 метр болатын ұңғымадан сағатына 100 текше метрге жуық су шығып, ауыл тұрғындарының қуанышына себеп болды. Сондай-ақ мұнда екінші құдықтың бұрғылау жұмыстары 400 метр тереңдікке дейін жетті. Ал босап жатқан бұрғылау техникасы ендігі кезекте Қызылкөл және Құмкент ауылдарында жұмысын жалғастырады. Бұл елді мекендерде 350 метр шамасында ұңғыма қазу жоспарлануда.
Сонымен қатар Қаратау және Қарақұр ауылдарында да алғашқы ұңғымалар 180 метр тереңдікке дейін қазылып, қазіргі таңда су көзін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Қарақұрда қосымша 180 метр, Қаратауда 780 метр тереңдікте жаңа құдықтар қазылмақ.
Айта кететін жайт, бұл елді мекендерде жаз айларында ауызсу көлемі азайып, тұрғындар тарапынан мәселе көтерілген болатын. Осыған орай аудан басшысының ұсынысын қолдаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бұл бастамаға өз үлесін қосуда. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар игі іске ұйытқы болған демеуші компания өкілдеріне алғыстарын білдіруде.