Бүгін «Мыңжылқы» мәдениет үйінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің қолдауымен ерекше балаларға арналған «Сен, ерекшесің» атты фотожобаның қорытынды шарасы өтті.
Аталған жоба аясында 15-ке жуық ерекше баланың аудан орталығы мен өлкенің көрікті жерлерінде түсірілген ерекше сәттерінен құралған фотокөрме ұйымдастырылды. Бірнеше күнге созылған жобаның жабылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова арнайы қатысып, балалар мен ата-аналарға ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, барлық қатысушы балаларға аудан әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыс етіп, құрмет көрсетті.
Жобаның авторы, ақын, ұстаз, мемлекеттік «Шапағат» медалінің иегері Әсел Бимырзаева шараның негізгі мақсатына тоқталып, ерекше жандарға көрсетілген қолдау үшін аудан басшылығына алғысын жеткізді.
Көрме барысында жиналған жұртшылық балалардың түрлі стильдегі киім үлгілерімен, табиғат аясында және аудан орталығында түсірілген фотосуреттерін тамашалап, ерекше әсерге бөленді.
Бұған дейін жоба аясында балалар мен ата-аналарға табиғат аясында демалыс ұйымдастырылып, тәжірибелі фотографтар кәсіби фототүсірілім жүргізген болатын.
Мәдени шараның шымылдығы «Ақ кербез» би тобының орындауындағы «Қаражорға» биімен ашылды. Сондай-ақ, республикалық өнер фестивальдерінің жеңімпазы Розахмет Валиев пен «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашты.