«AMANAT» ПАРТИЯСЫ СОЗАҚ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖАҢА АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
«AMANAT» партиясы филиалының жетекші құрамында кадрлық өзгерістер орын алды. «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының келісімімен, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің бұйрығымен Талғат Сейдахметұлы «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалының атқарушы хатшысы лауазымына тағайындалды.
Жаңа атқарушы хатшыны таныстыру рәсімі аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрысынбаев, фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, аудандық филиал қызметкерлері мен партия белсенділері және бөлім басшылары қатысты.
Жиында облыстық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрысынбаев қатысушыларға партия филиалында болған кадрлық өзгерістердің мән-маңызын және жаңадан тағайындалған хатшының еңбек жолын таныстырды. Партия қызметіндегі бірқатар реформалар мен жаңашылдықтарға тоқталып, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – партия аппаратының тиімділігін арттыру, ішкі ұйымшылдықты нығайту және елмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу екендігін айтып өтті.
«Бүгінде партиямыз елдік мүддені басшылыққа ала отырып, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда нақты қадамдарға барып отыр. Жалпыхалықтық референдумдардың өткізілуі, аудан және ауыл әкімдерін сайлау – осы жолдағы айқын көрсеткіш. Партияның басты мақсаты – халық пен билік арасындағы алтын көпір болу. Бұл ретте қоғамдық қабылдаулар мен ашық диалог алаңдарын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Ал Талғат Сейдахметұлы осы бағыттағы жұмысты сапалы жалғастырады деген сенімдеміз», – деді.
Сондай-ақ аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңадан тағайындалған атқарушы хатшыға сәттілік тіледі. «Партия – қоғамның қозғаушы күші. Ал аудандық деңгейде партиялық жұмысты жандандыруда атқарушы хатшының рөлі зор. Сондықтан жаңа қызметке кіріскен Талғат Сейдахметұлына үлкен сенім артамыз», – деді аудан басшысы.
Талғат Сейдахметұлы 1988 жылы Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары.
2009 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмәмдаған.
Алғаш еңбек жолын 2009 жылы «Волковгеология» АҚ-ның №5 барлау геологиялық экспедициясында есепші қызметінен бастаған. 2010-2011 жылдары «Созақ несие» МҚҰ-да Бас есепшісі, 2011-2013 жылдары «Орталық мыңқұдық кен орны» ЖШС-де қойма меңгерушісі, 2013-2021 жылдары «Волковгеология» АҚ-ның №5 барлау геологиялық экспедициясының жетекші есепшісі, 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін «BOTBAI» ЖШС директорының орынбасары қызметтерін атқарған.