Баршаңызды 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жер анаға күннің шуағы төгіліп, көктемнің алғашқы мерекесі де келіп жетті. Қазіргі таңда, қоғамның кез келген саласын әйелдерсіз елестету мүмкін емес.
Сіздер адал жар, қамқор ана, сенімді дос қана емес сонымен қатар, жақсы басшы, білікті маман, іскер ұйымдастырушы да болып, заман талабына сай қажырлы еңбек етіп келесіздер. Бұл да болса, әйел кісілердің ерік жігерінің арқасы деп білемін.
Тарихта аты алтын әріппен жазылған хандар мен алыптарды дүниеге әкелген алтын құрсақты аналарымыздың өнегелі жолын жалғастырып, халықтың азаматы мен нар тұлғаларын дүниеге әкеліп жатқан ақжаулықты жас аналарымыз көбейіп, бұған бүгінде ел куә болып, тарих өз бағасын беріп келеді. Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды.
Аяулы да ақжаулықты аналар, көктемдей құлпырған қыз-келіншектер, Сіздерді тағы да төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға береке мен бірлік, кәсіптеріңізге табыс, дендеріңізге саулық тілеймін!
Ізгі ниетпен, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев!