ШАРДАРА: ЕКПЕНІҢ ЕКІНШІ ДОЗАСЫ ЕГІЛУДЕ

ШАРДАРА: ЕКПЕНІҢ ЕКІНШІ ДОЗАСЫ ЕГІЛУДЕ
Бүгін аудандық орталық ауруханасында «СOVID-19» пандемиясымен аурушаңдықтың алдын алу мақсатында жоспарлы профилактикалық екпе егу науқанының екінші дозасы егілді.
Екінші бөлігін егуде алғашқылардың бірі болып, аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Әбдімәлік, бас дәрігердің орынбасары Н.Молдаханов және жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Б.Ахметов бастады.
Бірінші бөлігін салдырғаннан кейін 20 күн өткен соң, яғни бүгін 21-күні екінші бөлігі салынды. Жалпы ауданымызға вакцинаның 50 дозасы алынған.
Айта кетсек, Ресейлік «Спутник V» атты вакцинасын салдыру 2 бөліктен және 3 кезеңнен тұрады. Бір құтыдағы сұйықтықты 0,5 мл-дан бөліп 5 адамға егеді.
Яғни бірінші бөлігін салдырғаннан кейін 20 күн өткен соң 21-күні екінші бөлігі салынады.
Жалпы 3-кезеңнен тұратын екпе егу шарасының 1-ші кезеңі ағымдағы жылдың 1-ші ақпанынан басталды.
Бірінші кезеңде пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген жедел жәрдем, жұқпалы аурулар және қабылдау бөлімінің медициналық қызметкерлеріне егіледі.
Ал 2-ші кезең қалған медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және 3-ші кезеңде мемлекеттік қызметкерлерге, егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар азаматтарға егіледі деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, вакциналау алдында әрбір азамат медициналық тексерістен өтіп, дәрігердің рұқсатынан кейін салдырады. Екпеден кейін 30 минут дәрігер бақылауында болады.
Ескерте кетсек, екпені жоғарыда аталған санаттағы азаматтар тек қана өз еркімен ғана салдырады.