НУРАЛИЕВА АҚМАРАЛ АХМЕТХАНҚЫЗЫ – «НОТАРИАТ САЛАСЫНДАҒЫ АДАЛ ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ.

НУРАЛИЕВА АҚМАРАЛ АХМЕТХАНҚЫЗЫ – «НОТАРИАТ САЛАСЫНДАҒЫ АДАЛ ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ.
Түркістан облысы, Шардара ауданында құқық саласының дамуына ұзақ жылдар бойы өзіндік үлесін қосып келе жатқан білікті заң маманы, тәжірибелі жеке нотариус Нуралиева Ақмарал Ахметханқызы 2026 жылы Қазақстан Республикасының Республикалық нотариаттық палатасының «Нотариат саласындағы адал еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ақмарал Ахметханқызының кәсіби еңбек жолы сот жүйесінен басталып, бірнеше жыл бойы Шардара аудандық сотының сот кеңсесін басқарды. Осы кезеңде ол жоғары жауапкершілігімен, құқықтық сауаттылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен және іс жүргізу мәдениетімен танылды.
2014 жылдан бері нотариат саласында еңбек етіп келе жатқан Ақмарал Ахметханқызы он жылдан астам уақыт ішінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, заң талаптарының сақталуына және нотариаттық қызметтің сапалы жүзеге асуына өз үлесін қосып келеді.
Оның кәсіби жолының басты ерекшелігі – сот жүйесінде жинақтаған мол тәжірибесі мен нотариат саласындағы көпжылдық еңбегінің сабақтастығы. Заң үстемдігін берік ұстанып, кәсіби әдеп пен жауапкершілікті жоғары қоятын білікті маман ретінде Шардара өңіріндегі құқықтық мәдениетті қалыптастыруға лайықты үлес қосып келеді.
Ақмарал Ахметханқызының көпжылдық адал еңбегі, кәсіби білімі мен азаматтардың сенімін ақтаған жауапты қызметі жоғары бағаланып, аталған медальмен марапатталды.
Марапатты Қазақстан Республикасының Республикалық нотариаттық палатасының төрағасы Олег Игоревич Полумордвинов табыстады.
Бұл марапат – құқық пен заңдылық қағидаттарына адалдығын еңбегімен дәлелдеп келе жатқан тәжірибелі маманның кәсіби қызметіне берілген лайықты баға.
Ақмарал Ахметханқызын мерейлі марапатымен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық, кәсіби қызметіне толағай табыс тілейміз!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.