«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Шардара ауданында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын күшейту бағытында кезекті сенбілік ұйымдастырылды.
Сенбілікке Шардара ауданы әкімінің орынбасарлары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы, Каратунов Еркебұлан Абдугафурұлы, аудан әкімі аппаратының басшысы Ильясов Сержан Абдухарұлы, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ауыл ақсақалдары мен ауыл тұрғындары белсене қатысты.
Іс-шара барысында белгіленген аумақтар тазаланып, тұрмыстық қалдықтар жиналды. Сонымен қатар, қоғамдық орындардың айналасын ретке келтіру, абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.
Сенбілік – тек аумақты тазарту емес, елді мекеннің көркіне ортақ жауапкершілікпен қараудың, туған жерге деген жанашырлықты нақты іспен көрсетудің үлгісі. Бұл ретте аға буын өкілдерінің жастарға және тұрғындарға үлгі болуының маңызы зор.
Бірлікпен атқарылған әрбір игі іс елді мекеннің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосады. Тазалықты сақтау – бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс ортақ міндет.
Сенбіліктің негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту, елді мекендерді көркейту және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру.
«Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны қорғаумен қатар, әр азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін арттырып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне барша тұрғындарды жұмылдыратын ортақ бастама.
Туған жердің тазалығы – баршаға ортақ міндет. Әр аула, әр көше, әрбір қоғамдық орынның таза әрі көрікті болуы – тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі.
Осы бағыттағы санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары аудан көлемінде тұрақты түрде жалғасын табады.
Тазалық – ортақ жауапкершілік!
Туған жерге жанашырлық – нақты іспен көрінеді!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.