«Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай, Шардара ауданындағы ардагерлердің қатысуымен тағылымды кездесу өтті.
Тағылымы мол іс-шара барысында Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының ардагерлерге арналған ақжарма тілегі мен ыстық ықыласын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Абдразахов Ерлан Әжімұханұлы жеткізді.
Аудан әкімі Арман Романұлының атынан ардагерлерге мерекелік медальдар мен алғыс хаттар табысталды.
Ардагерлер – елдің өткені мен бүгінін жалғаған алтын көпір, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды мектеп. Сондықтан аудан басшысының ел ағалары мен ақсақалдарға ерекше құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесін бағалауы – игілікті дәстүр.
Кездесу барысында Шардара аудандық Семей ядролық полигонына қатысқан ардагерлердің төрағасы Назар Тоқсанбаев барша ардагерлерді айтулы датамен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.
Іс-шарада аудан әкімінің ардагерлерге деген сый-құрметі, қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі, үлкенге деген ізеті айқын аңғарылды. Ардагерлерге арнайы көңіл бөліп, олардың еңбегін бағалап, мерекелік марапаттармен құрмет көрсету – ел ағаларына деген шынайы ризашылықтың жарқын көрінісі.
Қарсыбаев Арман Романұлының үлкенді сыйлап, ардагерлерді ардақтауы, олардың өмірлік тәжірибесі мен елге сіңірген еңбегін бағалауы – кейінгі буынға үлгі боларлық өнегелі қасиет. Мұндай шынайы қарым-қатынас қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтып, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидатын дәріптей түседі.
1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл – Қазақстан тарихындағы аса маңызды, бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы тарихи шешім.
Семей полигонында ондаған жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірді. Полигонның жабылуы еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікке деген берік ұстанымын айқындап, әлемдік ядролық қарусыздану үдерісіне маңызды серпін берді.
Бұл атаулы дата – өткенді ұмытпай, қасіретті кезеңдерден сабақ алуға, бейбітшіліктің қадірін терең түсінуге үндейтін тағылымды күн.
Семей полигонының жабылуы – Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құруға қосқан тарихи үлесінің жарқын көрінісі.
Бейбітшілік – барша адамзаттың ортақ құндылығы!
Ардагерлерге көрсетілген құрмет – елге көрсетілген құрмет!