Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы Жаушықұм массивінде жүзеге асырылып жатқан су шаруашылығы инфрақұрылымының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Аталған жоба ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлердің көлемін ұлғайтып, Жаушықұм массивіне тұрақты әрі жеткілікті су жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба толық іске асырылған жағдайда 12 192 гектар суармалы алқапты сумен қамтуға мүмкіндік туады.
Жобаның жалпы құны – 18,66 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылғы 1 шілдеден 2028 жылғы 1 қыркүйекке дейін жүргізу жоспарланған. Жобаны іске асыру барысында 297 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Суды қажетті аумақтарға жеткізу мақсатында екі көтермелі механикалық жүйе салынады. Бірінші көтермелі насос станциясының су өткізу қабілеті секундына 8,85 текше метр, қысымы 42 метр болса, екінші насос станциясының су өткізу қабілеті секундына 8,29 текше метр, қысымы 28 метрді құрайды.
Жоба аясында диаметрі 1620 мм қысымды құбырлар, жалпы ұзындығы 51,542 шақырым монолитті темірбетон каналдар, 8 шақырым 110 кВ электр желісі, трансформаторлық қосалқы станция және 4 шақырым эксплуатациялық жол салынбақ.
Құрылыс барысымен танысу барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімге сай орындалуына ерекше назар аударды.
Аудан әкімі жауапты мердігерлер мен сала мамандарына құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау, нысандардағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу және жобада көзделген жұмыстардың толық орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жаушықұм массивіндегі аталған инфрақұрылымның іске қосылуы су ресурстарын тиімді пайдалануға, суармалы жерлерді толық игеруге және ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба өңірдегі егін шаруашылығын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға оң ықпал етпек.
Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазсушар» РМК, бас мердігері – «Алем Құрылыс» ЖШС. Жобалаушы – «СЕСТ» ЖШС, техникалық қадағалауды «СЕСТ Инжиниринг» ЖШС жүзеге асырады.