Шардара аудандық білім бөлімі ұйымдастырған дәстүрлі тамыз конференциясы Шардара қаласындағы Абай атындағы мәдениет үйінде өтті.
Жиынға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Төребеков Бисенбай Тасболатұлы, Шардара ауданының прокуроры Әлі Алмас Ермекұлы, Түркістан облысының білім басқармасының өкілі, сондай-ақ ауданға қарасты білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.
Конференция барысында жаңа оқу жылына қойылатын негізгі міндеттер, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім саласындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Төребеков Бисенбай Тасболатұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұсатаева Жанат Тұяқбайқызы және аудан прокуроры Әлі Алмас Ермекұлы ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
Іс-шара барысында білім саласына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген ардагер ұстаздар марапатталды. Атап айтқанда, аудандық білім бөлімін басқарған әрі бірнеше жыл мектеп директоры қызметін атқарған Шынтаев Сырлыбек Қадірұлы, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы мектеп директоры болған Нұрымбет Жалғас Жүнісұлы мен Байбашев Садықбек Азимханұлы «Құрметті ардагер» медалімен марапатталды. Сонымен қатар оларға аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының Алғыс хаттары табысталды.
Жиын барысында білім беру жүйесінің жаңа міндеттеріне баса назар аударылып, ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігінің маңызы атап өтілді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында заңдылықты сақтау, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі айтылды.
Тамыз конференциясы – жаңа оқу жылына арналған мақсат-міндеттерді айқындап, білім саласындағы өзекті мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Іс-шара қорытындысы бойынша педагогтерге алдағы оқу жылында сапалы білім мен саналы тәрбие беруді жүйелі түрде жалғастыру, оқушылардың білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар міндет жүктелді.
Жаңа оқу жылы – білім саласы қызметкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер мен үлкен жауапкершіліктің бастауы. Шардара ауданындағы білім беру ұйымдарының ұжымдары алдағы оқу жылында білім сапасын арттыру, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.