18 тамыз – Қазақстан Республикасының Шекарашылар күніне орай Шардара аудандық мәдениет сарайында Отан шебін күзетіп жүрген айбынды азаматтарға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Ел шекарасы – картадағы сызық қана емес. Ол – Тәуелсіздіктің тұтастығы, елдіктің айбыны, ұлт қауіпсіздігінің қасиетті шебі. Ал сол шептің тыныштығын күзетіп, күн-түн демей ел қорғанында тұрған шекарашылардың қызметі – зор жауапкершілік пен айрықша ерлікті талап ететін қасиетті міндет.
Салтанатты жиынға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тасболатұлы Төребеков қатысып, шекарашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Іс-шара барысында ел тыныштығын күзетіп, Отан шебін қорғауда міндеттерін мінсіз атқарып жүрген үздік шекара қызметкерлері арнайы марапаттарға ие болды. Ел қауіпсіздігі жолындағы адал қызметі мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін табысталған марапаттар – шекарашылар еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Жиында сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті Мақтарал ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, полковник Асқар Серікұлы Аяганов құттықтау сөз сөйлеп, шекара қызметінің жауапкершілігі мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Салтанатты кеште патриоттық рухты асқақтатқан әндер шырқалып, Отанға деген сүйіспеншілік пен ел қорғаған ерлерге деген құрмет ерекше сезілді. «Тау ішінде», «Синяя вечность», «Батырлар жыры», «Қазақтай биік ел қаһарман», «Елге тірек» әндері орындалып, кештің мазмұнын аша түсті.
Бүгінгі бейбіт күннің, ашық аспанның, алаңсыз тіршіліктің артында шекара шебінде қырағы қызмет атқарып жүрген азаматтардың қажырлы еңбегі бар.