ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ ПІКІР БІЛДІРУ КЕЗІНДЕ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН САҚТАҢЫЗДАР!

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ ПІКІР БІЛДІРУ КЕЗІНДЕ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН САҚТАҢЫЗДАР!
Шардара ауданы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тұрғындар мен қонақтардың өз пікірін білдіруіне, ұсыныс-пікірлерін жеткізуіне мүмкіндік беріледі.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының 23-бабына сәйкес сөз еркіндігіне кепілдік беріледі, сондай-ақ әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға құқығы бар.
Сонымен бірге Конституцияның 23-бабының 4-тармағына сәйкес сөз еркіндігі мен ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына және қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары белгіленген. Заңның 4-бабында заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға әркімнің конституциялық құқығын іске асыру үшін құқықтық негіздер көзделген. Ал 4-1-бапта заңдылық, ақпараттың анықтығы мен толықтығы, өзектілігі мен уақтылығы, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеу, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау сияқты негізгі қағидаттар белгіленген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 73-3-бабында басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратуға қатысты жауаптылық көзделген. Аталған норманың 2-бөлігі мұндай әрекетті көпшілік алдында немесе масс-медианы не телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасауды да қамтиды.
Сонымен бірге Кодекстің 434-бабында ұсақ бұзақылық қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу және қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын өзге де осындай әрекеттер ретінде көзделген. Сондықтан әлеуметтік желідегі әрбір жағымсыз, сыни немесе дөрекі пікірді автоматты түрде осы бап бойынша құқық бұзушылық деп бағалауға болмайды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 242-1-бабына сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты әлеуметтік желілердегі пікір білдіру кезінде азаматтарды:өз пікірін әдепті әрі заң талаптарын сақтай отырып білдіруге; басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуге; көрінеу жалған мәліметтерді таратпауға; балағат сөздерден, қорлап тиісуден және қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттерден тартынуға; ақпарат тарату кезінде оның анықтығына және заңдылығына назар аударуға шақырамыз.
Пікір білдіру еркіндігіне әкімдік тарапынан тыйым салынбайды. Алайда аталған құқықтарды жүзеге асыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтаумен жүзеге асырылуға тиіс. Заңнамада көзделген жағдайларда құқық бұзушылық жасаған тұлға жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Шардара ауданы әкімдігі тұрғындардың орынды сын-пікірлері мен ұсыныстарын ашық қабылдайды және оларды заңда белгіленген тәртіппен қарауға дайын.
Пікіріңіз еркін болсын, бірақ заң шеңберінде болсын!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.