Нашақорлықтың алдын алу, құқық бұзушылыққа алып келетін себептер мен жағдайларды ерте анықтау және олардың алдын алу – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі.
Бұл бағыттағы жұмыстың құқықтық негізі – Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №245-VIII ҚРЗ «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңы. Заң құқық бұзушылықтың салдарымен ғана күресуді емес, оның алдын алуды, оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, жоюды және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруды көздейді.
Шардара ауданы әкімдігінің профилактика саласындағы қызметі аталған Заңның 9-бабы 2-тармағында белгіленген құзырет шегінде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылықтың жалпы профилактикасы жөніндегі шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді, азаматтарды құқықтық тәрбиелеуді ұйымдастырады және ведомствоаралық комиссиялардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Құқық бұзушылық профилактикасы бір ғана мекеменің немесе іс-шараның жұмысымен шектелмейді. Заңның 39-бабына сәйкес профилактика субъектілерінің өзара іс-қимылы ақпарат алмасу, ұсыныстар әзірлеу, бірлескен профилактикалық іс-шаралар өткізу, отырыстар мен кеңестер ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Әкімдік осы жұмыстарды жергілікті деңгейде үйлестіруге жағдай жасайды.
Нашақорлықтың алдын алуда жастар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Заңның 9-бабы 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар кәмелетке толмағандарға әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастырады, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар мен отбасыларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді ұйымдастырады.
Сондықтан жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларға қатысуына жағдай жасау, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылармен профилактикалық жұмыс жүргізу маңызды.
Құқықтық түсіндіру жұмыстары да профилактиканың маңызды бөлігі. Әкімдік өз құзыреті шегінде қоғамдық және өзге де ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстарды қолдайды.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты ажырату қажет. Есірткі қылмыстарын анықтау, тіркеу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау құқық қорғау органдары мен соттың заңда белгіленген құзыретіне жатады. Әкімдік бұл функцияларды жүзеге асырмайды, оның міндеті – жалпы профилактиканы ұйымдастыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылға жағдай жасау.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде есірткіге қатысты заңсыз әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Атап айтқанда, 296-бап өткізу мақсатынсыз жасалған заңсыз әрекеттерге, 297-бап өткізу мақсатындағы заңсыз әрекеттерге, 297-1-бап есірткіні өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу және өндіруге, ал 299-1-бап есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалауға қатысты жауаптылықты белгілейді.
Нашақорлықтың алдын алу бір реттік акциямен шектелмеуі тиіс. Негізгі бағыттар – құқық бұзушылық профилактикасын ұйымдастыру, құқықтық тәрбиені күшейту, ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын қамтамасыз ету, жастарға қауіпсіз орта қалыптастыру, қиын жағдайдағы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету және профилактика субъектілерімен тиімді өзара іс-қимыл орнату.
Нашақорлықтың алдын алу – тек қылмыстық жауаптылық мәселесі емес, ең алдымен жүйелі профилактикалық жұмысты қажет ететін қоғамдық мәселе.
Шардара ауданы әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты заңда белгіленген өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады.
Нашақорлықтың алдын алу – ортақ міндет.
Салауатты ұрпақ – қауіпсіз қоғамның негізі!