Жастар күніне орай Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы ауданның әртүрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүрген белсенді жастармен еркін форматтағы мазмұнды кездесу өткізді. Ашық диалог алаңында өткен басқосуда жастар аудан әкімінің өмір жолы, еңбек тәжірибесі, басқарушылық ұстанымы мен өмірлік қағидаларына қатысты өздерін қызықтырған сауалдарын еркін қойып, шынайы әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында «Бала кездегі арманыңыз қандай еді?», «Әкім болып келгенде ең алғаш қолға алған ісіңіз қандай болды?», «Қай ел Сізге ерекше әсер қалдырды?», «Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?», «Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?», «Қандай кітаптарды оқисыз?», «Әкім болмағанда қай салада еңбек етер едіңіз?», «Әкімдіктен кейін немен айналысасыз?» сынды түрлі тақырыптағы сауалдар қойылып, олардың әрқайсысына аудан әкімі ашық әрі шынайы жауап берді.
Арман Романұлы әңгіме барысында өзінің балалық шағынан сыр шертіп, әкесі Роман 57 жасында, ал анасы 47 жасында дүниеге әкелген жалғыз ұл болғандықтан есімін «Арман» қойғанын айтты. Сонымен қатар әкесінің бала кезінен-ақ «Менің балам әкім болады» деп жиі айтатынын еске алып, сол сөздің бала қиялына ерекше әсер еткенін жеткізді. Тіпті мектеп қабырғасында жүргенде дәптерлеріне қайта-қайта «Әкім боламын» деп жазып, сол арманын жүрегінде сақтап өскенін айтып өтті. Өз сөзінде мектепте озат оқушылардың қатарында болғанын да атап өтті.
Арман Романұлының айтуынша, бала кезінен спортқа деген ерекше қызығушылығы оның өмірлік бағытын айқындаған. Алғашқы жоғары білімін экономика мамандығы бойынша алғанымен, спортқа деген сүйіспеншілігі оны дене шынықтыру және спорт саласы бойынша екінші жоғары білім алуға жетелеген. Оның пікірінше, спорт адам бойында тәртіпті, табандылықты, жауапкершілікті қалыптастырады және кез келген биік мақсатқа жетудің басты негізі – адал еңбек пен үздіксіз ізденіс.
Спорт саласындағы табыстары да осы сөзінің нақты дәлелі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Арман Қарсыбаев негізін қалаған «Шардара Армспорт» клубы 26 жыл ішінде әлемдік деңгейдегі жүздеген саңлақты тәрбиеледі. Атап айтқанда, клубтан 107 әлем чемпионы, 31 әлем кубогының иегері және 327 Азия чемпионы шыққан. Бұл – өңір спортының ғана емес, тұтас ел спортының мерейін үстем еткен зор жетістік.
Сонымен қатар Арман Романұлы бала күнінен туған жерге қызмет етуді, елдің дамуына өз үлесін қосуды өмірлік мақсаты санағанын айтты. Сол арманына жету жолында үздіксіз білім алып, мол тәжірибе жинақтап, өзіне жүктелген әрбір міндетті жауапкершілікпен атқаруға ұмтылғанын жеткізді.
Кездесу барысында аудан басшысы қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу және жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау басты басымдықтардың бірі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңірдің тұрақты дамуы жастардың белсенділігімен, білімділігімен және бастамашылдығымен тікелей байланысты.
Жастарға арнаған ақыл-кеңесінде қандай мамандықты таңдаса да, ең алдымен өз ісін сүйіп атқарудың, адал еңбек етудің, білім мен тәртіпті өмірлік қағидаға айналдырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ табысқа жетудің басты кілті – үздіксіз еңбек, тұрақты ізденіс, өз-өзіңді дамыту және туған елге деген шынайы жанашырлық екенін атап өтті.
Кездесу соңында Арман Романұлы жастарды қолдау аудан әкімдігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін айтып, қоғамдық өмірге белсенді араласып, түрлі салада табысты еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар білімді, бастамашыл әрі белсенді жастарды аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және сый-сияпаттарымен марапаттады.
Өз кезегінде жастар көкейлеріндегі сауалдарға жан-жақты жауап алып, аудан басшысымен ашық пікір алмасты. Еркін форматтағы мұндай кездесулер жастар мен жергілікті билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, ашық диалог мәдениетін қалыптастыруға, жастардың қоғамдық белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін маңызды алаң екені ерекше атап өтілді.