Шардара ауданының әкімі Арман Романұлының бастамасымен ветеринария қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Шардара ауданының әкімі Арман Романұлының бастамасымен ветеринария қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Қазақстан Республикасында 10 шілде – Ветеринариялық қызметкер күні ретінде белгіленген. Бұл кәсіби мереке – жануарлар денсаулығын қорғау, еліміздегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, мал шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жолында абыройлы еңбек етіп жүрген ветеринария саласы мамандарының еңбегіне көрсетілген жоғары құрметтің белгісі.
Осы мерекеге орай Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының атынан аудан әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбек Тасболатұлы ветеринария саласының ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Кездесу барысында ветеринария саласының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызы ерекше екені атап өтілді. Сондай-ақ мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, жануарлардың аса қауіпті және жұқпалы ауруларының алдын алу, халық денсаулығын қорғау және азық-түлік қауіпсіздігін сақтау бағытында еңбек етіп жүрген сала мамандарының жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігіне ризашылық білдірілді.
Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Тасболатұлы өз сөзінде Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының ізгі тілегі мен құттықтауын жеткізіп, ветеринария қызметкерлерінің ел игілігі жолындағы адал еңбегі, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, сала ардагерлерінің көпжылдық тәжірибесі мен жас мамандарға беріп жүрген тәлімгерлігі ветеринария қызметінің дамуына қосылып отырған маңызды үлес екенін атап өтті.
Салтанатты жиын барысында ветеринария саласының бірқатар ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне Шардара ауданы әкімінің Алғыс хаттары табысталып, естелік сыйлықтар ұсынылды.
Іс-шара соңында ветеринария саласының өкілдері өздеріне көрсетілген құрмет үшін аудан басшылығына алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да ел игілігі жолында абыроймен еңбек ете беретіндіктерін жеткізді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.