Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сала үздіктері марапатталды

Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сала үздіктері марапатталды
Шардара ауданында Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне орай салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, салада ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға Шардара ауданы әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Кәсіби мерекеге арналған салтанатты шарада аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының Алғыс хаттарын аудан әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы тапсырды. Ол жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, балық шаруашылығы аудан экономикасының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары сала қызметкерлерінің елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне жоғары баға беріп, барша мамандарға зор денсаулық, отбасыларына амандық және еңбектеріне толағай табыс тіледі.
Балық шаруашылығы қызметкерлері күні жыл сайын шілде айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл – балық шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың адал еңбегі мен ел экономикасының дамуына қосып жүрген үлесіне көрсетілетін құрметтің айқын көрінісі.
Балық шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануда және экологиялық тепе-теңдікті сақтауда ерекше маңызға ие стратегиялық салалардың бірі. Сала мамандары балық қорын сақтау мен молайту, акваөсіруді дамыту, халықты сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында жүйелі еңбек етіп келеді.
Түркістан облысындағы Шардара өңірі балық шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақтардың бірі болып саналады. Шардара су қоймасы мен өңірдегі балық өсіру шаруашылықтары тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Сонымен қатар, соңғы жылдары балық өсіру, өңдеу және экспорттау бағытында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, саланың даму қарқыны артып келеді.
Кәсіби мерекеге орай ауданның балық шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан, көп жылғы адал еңбегімен ерекшеленген және кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар сала қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында «Хамит» агроөнеркәсіптік кешенінің, жеке кәсіпкер Жалғасбаев Талғат Серікбайұлының балық өңдеу кәсіпорнының қызметкерлері, балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің мамандары, сондай-ақ балық өсірумен айналысатын өзге де шаруашылық субъектілерінің өкілдері бар.
Марапаттау рәсімі еңбек адамдарының кәсіби беделін арттыруға, сала мамандарын ынталандыруға және балық шаруашылығының одан әрі дамуына қосқан үлесін лайықты бағалауға бағытталды.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.