ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АРМАН РОМАНҰЛЫ ДАРЫНДЫ ЖАСТАРДЫ ҚАБЫЛДАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АРМАН РОМАНҰЛЫ ДАРЫНДЫ ЖАСТАРДЫ ҚАБЫЛДАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Бүгін Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев білім мен өнер саласында жоғары жетістіктерге жеткен ауданның дарынды жастарын арнайы қабылдап, жеңістерімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Кездесуге 2026 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде физика-математика бағыты бойынша 137 балл жинап, соңғы жиырма жыл ішінде Шардара ауданында тіркелген ең жоғары нәтижеге қол жеткізген түлек Мұсабек Альтайыр қатысты. Аудан әкімі жас талапкерді тарихи жетістігімен құттықтап, оның табандылығы мен білімге деген құштарлығы өзгелерге үлгі екенін атап өтті.
Сондай-ақ 2026 жылғы 26–27 маусым күндері Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен «Ұлы дала дауысы» халықаралық шығармашылық өнер байқауында 50 қатысушының арасынан І орын иеленген жас өнерпаз Садық Ханшайым және оның жетекшісі Ешмуратова Айгерім де аудан басшысының қабылдауында болды.
Арман Романұлы дарынды жастардың жетістігі ауданның білім мен мәдениет салаларында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін айтып, олардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтата беретініне сенім білдірді.
Кездесу соңында аудан әкімі Мұсабек Альтайырға, Садық Ханшайымға және оның жетекшісі Ешмуратова Айгерімге алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.
Өз кезегінде қабылдауға қатысушылар көрсетілген қолдау мен ықылас үшін аудан басшысына ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да білім мен өнер жолында аянбай еңбек етіп, Шардара ауданының мерейін үстем етуге күш салатындарын айтты.
Дарынды жастарды қолдау – олардың жаңа жетістіктерге жетуіне серпін беретін маңызды қадам. Мұндай кездесулер жас буынның білімге, шығармашылыққа және биік мақсаттарға ұмтылысын арттыра түсетіні сөзсіз.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі