Бүгін Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тасболатұлы Төребеков бұқаралық ақпарат құралдарының ардагерлері мен сала өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың атынан Алғыс хаттар табыстап, құрмет көрсетті.
Салтанатты кездесуде аудан әкімінің орынбасары ақпарат саласының қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымының адал еңбегіне жоғары баға берді. Ол қалам иелерінің ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, ауданның тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттауға қосып келе жатқан үлесі зор екенін атап өтті.
Іс-шара барысында бұқаралық ақпарат құралдары саласының ардагерлері Нұрғали Ыбырайым мен Әбдіғаппар Айдаровқа және бірнеше зейнеткерлерге көп жылғы жемісті еңбегі мен ақпарат саласының дамуына сіңірген елеулі үлесі үшін «Еңбек ардагері» медалі салтанатты түрде табысталды.
Кездесу барысында сала ардагерлері мен қазіргі журналистерге зор денсаулық, шығармашылық шабыт, қаламдарына қуат, отбасыларына амандық тілеп, ел игілігі жолындағы еңбектері әрдайым жоғары бағалана берсін деген ізгі лебіздер айтылды.
Мерекелік жиын жылы жүздесуге ұласып, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі, өңірлік журналистиканың бүгінгі жай-күйі мен алдағы міндеттері жөнінде еркін пікір алмасумен жалғасты. Іс-шара соңында естелік суретке түсіп, сала өкілдеріне құрмет көрсетілді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі