Бүгін аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі қатысты.
Күн тәртібінде «Шардара қаласындағы саябақтар мен жасыл желектердің жағдайы» мәселесі қаралып, бұл жөнінде Шардара аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Нұрахов баяндама жасады.
Баяндама барысында қала аумағындағы саябақтар, скверлер мен жасыл аймақтарды күтіп-ұстау, көгалдандыру және абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты баяндалды.
Бүгінде «Шардара ауданының шаруашылық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 140 қызметкер еңбек етуде. Облыстық бюджет есебінен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге қажетті арнайы техникалар сатып алынып, қаланың тазалығы мен көркін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазіргі таңда қала аумағында жалпы көлемі 54,8 гектарды құрайтын 22 бірлік саябақ, сквер және желілік жасыл аймақ, сондай-ақ гүлзарлар тұрақты түрде күтіп бапталуда.
Жыл басынан бері жасыл желектерге кешенді күтім жасалып, ағаштардың түбі әктеліп, қопсыту және суаруға дайындау жұмыстары жүргізілді. Көктемгі және күзгі маусымдарда ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып, қазіргі таңда егілген көшеттердің қоршалу көрсеткіші 95 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары аясында қоршаулар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері сырланып, жаңартылды. Қаладағы саябақтар мен қоғамдық орындарды күтіп-ұстау үшін арнайы үш бригада тұрақты жұмыс атқаруда.
Жасыл желектерді уақытылы суландыру мақсатында суару жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша су сорғылары орнатылды. Қоғамдық орындардың санитарлық тазалығы күнделікті бақылауда ұсталып, балалар ойын алаңдары, демалыс орындары мен жарықтандыру жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 1 200 жарық шамының лампасы ауыстырылып, саябақтар мен қоғамдық орындардың жарықтандырылуы қамтамасыз етілді.
Баяндамашы қоғамдық мүлікті бүлдіру деректерінің алдын алу мақсатында саябақтардағы жарықтандыру нысандарына бақылауды күшейту және тұрғындар арасында вандализмнің алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Мәжіліс барысында аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев жауапты сала басшыларынан Жетісай–Шардара автомобиль жолы бойындағы жасыл желектердің жай-күйі, егілген ағаш көшеттерінің өну көрсеткіші, саябақтардағы әжетханалардың жағдайы, «Тама» ауыз су құрылысы мен хауыздағы жөндеу жұмыстарының барысы, тұрғын үй кезегін түгендеу, Қорқыт ата көшесін жөндеу жұмыстарының басталуы, төрт ауылдық округтегі ауыз су жүйелерінің құрылысы, Сүткент ауылдық округіндегі спорт кешенінің құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы ағын су және минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету, сондай-ақ бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуы бойынша нақты есептерін тыңдады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына барлық жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауды тапсырды. Сонымен қатар әрбір нысандағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жедел ден қоюды, саябақтар мен жасыл аймақтарды күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі жалғастыруды және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды міндеттеді.
Сондай-ақ аудандық ішкі саясат бөліміне аудандық полиция бөлімімен және жауапты мекемелермен бірлесіп, қоғамдық орындардағы вандализмнің алдын алу, мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, арнайы әлеуметтік бейнероликтер әзірлеп, кеңінен насихаттауды тапсырды.