Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жолдасов Зұлпыхар Сансызбайұлы Шардара ауданына арнайы іссапармен келіп, аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевпен бірге өңірдегі бірқатар стратегиялық маңызы бар нысандардың жұмыс барысымен танысты.
Іссапар барысында алдымен «Тама» ауыз су жобасының құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Аталған жоба Шардара өңірін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі болып табылады. Жоба аясында «Тама» су көзінен Шардара қаласына дейінгі су құбырлары тартылып, су сақтау резервуарлары мен қажетті инженерлік инфрақұрылымдар салынуда.
Одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары мен аудан әкімі №14 бекеттегі Шардара аудандық топтық су құбыры құрылысының барысымен танысты. Мердігер мекеме – «Алтын Констракшн» ЖШС-нің өкілдері бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.
Сондай-ақ Зұлпыхар Сансызбайұлы «Тама» ауыз су жүйелеріне қажетті электр қосалқы станциясының жұмысын көріп, нысанның техникалық мүмкіндіктері мен өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырудағы маңыздылығына тоқталды.
Іссапар аясында Шардара қаласын ауыз сумен қамтып отырған су тарату жүйелері мен су сақтау хауызының жұмысы да назардан тыс қалмады. Жауапты мамандар жүйенің қазіргі жағдайы мен халықты үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Шардара су қоймасы жағалауындағы демалыс аймақтарын аралап, туристік нысандардың жағдайымен танысты. Әсіресе демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитарлық тазалықты сақтау, қызмет көрсету сапасын арттыру және жағалау аумағын абаттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Іссапар соңында Зұлпыхар Сансызбайұлы Шардара аудандық орталық ауруханасында болып, медициналық мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Аурухана басшысы Сейтханов Мұхитдин мекеменің бүгінгі жұмысы, тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің сапасы, материалдық-техникалық базасы және алдағы даму жоспарлары туралы кеңінен ақпарат берді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, барлық нысандардағы жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы маңызды екенін атап өтті.