Мемлекеттік қызмет майталманы – ел игілігі жолындағы ерен еңбек иесі Оспанов Тұрғанбек Үсенбекұлы

Мемлекеттік қызмет майталманы – ел игілігі жолындағы ерен еңбек иесі Оспанов Тұрғанбек Үсенбекұлы
Оспанов Тұрғанбек Үсенбекұлы 1961 жылғы 2 ақпанда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдап, алған білімі мен кәсіби даярлығын ел дамуы жолындағы қызметіне арнады.
Еңбек жолын 1977 жылғы 5 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданындағы №1 ЖМК «Қызылқұмкеңшарқұрылыс» тресінде құрылысшы болып бастап, адал еңбек пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Қарапайым еңбеккерден бастап, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты басшылық лауазымдарға дейінгі жолдан өткен ол өзінің табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында үлкен абыройға ие болды.
Әр жылдары қаржы, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік басқару салаларында түрлі жауапты қызметтер атқарды. 1982 жылы Мақтаарал аудандық қаржы бөлімінде экономист, 1984 жылы Шардара ауданындағы ПМК-22 «Чардарастрой» басқармасының еңбек және жалақы бөлімінің бас инженері, 1988 жылы Сүткент совхозы комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет етті.
1992–1998 жылдары Шардара аудандық мемлекеттік салық инспекциясында бас салық инспекторы, Қаржы бақылау комитетінде бас бақылаушы-тексеруші ретінде мемлекеттік қаржы тәртібін нығайтуға және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге өз үлесін қосты.
1998–2003 жылдары Шардара аудандық мәслихатының тексеру комиссиясының төрағасы, 2003–2006 және 2011–2012 жылдары Шардара ауданы әкімінің орынбасары, 2006–2011 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Осы кезеңдерде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығы саласын жетілдіруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың жүзеге асуына белсенді атсалысты.
2012–2013 жылдары Шардара қаласының әкімі болып, қаланың инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарға жетекшілік етті. Ал 2013–2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметінде аграрлық саланың өркендеуіне елеулі үлес қосты.
2018 жылғы 25 шілдеден бастап Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары лауазымында еңбек етіп, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы іске асыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарды.
Тұрғанбек Үсенбекұлының мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі қырық жылдан астам уақытты қамтиды. Ол осы жылдар ішінде мемлекеттік қызметтің жоғары мәдениетін қалыптастырып, кәсібилік пен жауапкершіліктің, адалдық пен елжандылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өз ісіне берілген білікті маман ретінде әрдайым халық мүддесін бірінші орынға қойып, мемлекет саясатының жергілікті жерде тиімді жүзеге асуына сүбелі үлес қосты.
Әріптестері арасында беделі жоғары, ұйымдастырушылық қабілетімен, парасаттылығымен және іскерлігімен танылған Тұрғанбек Үсенбекұлы жас мемлекеттік қызметшілерге бағыт-бағдар беріп, мол тәжірибесін бөлісіп келе жатқан тағылымы мол тұлға.
Көп жылғы жемісті еңбегі мен мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан зор үлесі үшін әртүрлі марапаттар мен алғыс хаттарға ие болған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, өңірдің дамуына қатысты қоғамдық бастамаларға қолдау көрсетіп келеді.
Шардара ауданының Құрметті азаматы атанған Тұрғанбек Үсенбекұлының өнегелі еңбек жолы – мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттырып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етудің жарқын үлгісі. Оның саналы ғұмыры мен қажырлы қызметі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі