Бүгін Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Түркістан қаласында өткен VIII Халық ойындары аясындағы армрестлинг жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, Түркістан облысының жалпыкомандалық есепте І орын иеленуіне зор үлес қосқан «Шардара Армспорт» спорт клубының спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттады.
Іс-шара барысында аудан әкімі спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтап, бұл жетістік тек спортшылардың ғана емес, бүкіл ауданның абыройын асқақтатқан маңызды жеңіс екенін атап өтті.
– Сіздер VIII Халық ойындарында жоғары шеберлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, Түркістан облысының мерейін үстем еттіңіздер. Бұл – жүйелі дайындық пен тынымсыз еңбектің жемісі. Шардара спортының беделін көтеріп, жас буынға үлгі болдыңыздар. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, еліміздің көк Туын халықаралық ареналарда желбірете берулеріңізге тілектеспін, – деді Арман Романұлы.
Аудан басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларға жоғары спорттық жетістіктері мен аудан спортының дамуына қосқан үлестері үшін өз атынан Алғыс хаттар табыстап, демеушілер есебінен сый-сияпат жасады.
Атап айтқанда, аудан әкімінің марапатына Ақбаева Жазира, Мәлік Арайлым, Қаржау Есболат, Роман Данияр, Басымбек Нұрболат және Полат Ермахан ие болды.
Сондай-ақ спортшыларды жеңіске жетелеген тәжірибелі жаттықтырушылар Малбасов Ғани мен Аманов Бақберген де аудан әкімінің Алғыс хатымен және демеушілердің сый-сияпатымен марапатталды.
Айта кетейік, Түркістанда өткен VIII Халық ойындарында елдің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар бақ сынаған тартысты бәсекеде Түркістан облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте І орынды иеленіп, өңірдегі армрестлинг спортының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шардара спортының мерейін өсіріп жүрген спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызды айтулы жетістіктерімен құттықтап, алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейміз!