Шардара ауданының тарихы – ел дамуына адал қызмет еткен азаматтардың еңбегімен өрілген шежіре. Солардың бірі – құрылыс пен өндіріс саласының білікті ұйымдастырушысы, тәжірибелі басшы Ережеп Мәмбетұлы Мәмбетов.
Ережеп Мәмбетұлы 1941 жылы бұрынғы Киров ауданының Бағара ауылында дүниеге келген. Мақтаарал совхоз-техникумын және Қазақ политехникалық институтын тәмамдап, агроном әрі құрылыс инженері мамандықтарын игерді.
1966 жылы еңбек жолын Шардара өңірінде бастап, «Шардарақұрылыс» басқармасына қарасты №24 жылжымалы механикаландырылған колоннада шебер, бас инженер, кейін басқарма басшысы қызметтерін атқарды. Қызылқұм тыңын игеру кезеңінде көптеген өндірістік және әлеуметтік нысандардың салынуына елеулі үлес қосты. 1979 жылы Құрылыс материалдары комбинатының директоры болып тағайындалып, өндірістің дамуына, еңбек ұжымының нығаюына және аудан экономикасының өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі әріптестері тарапынан жоғары бағаланды.
Кейін құрылыс, механизация және ауыл шаруашылығы салаларында жауапты қызметтер атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Екі мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланып, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласты.
Еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, бірнеше марапатқа ие болды. 2007 жылы оған «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Ережеп Мәмбетұлы Мәмбетов 2013 жылы өмірден озды. Алайда оның адал еңбегі мен өнегелі ғұмыры халық жадында сақталып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Ережеп Мәмбетұлының өмір жолы – еңбекқорлықтың, кәсібиліктің және елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Халқының құрметіне бөленген арда азаматтың есімі Шардара тарихымен бірге жасай бермек.