2026 жылғы 12 маусым күні Шардара қаласындағы Абай мәдениет үйінде ауданның тумасы, жас ақын әрі қаламгер Мейрамбек Әбдуәлінің «Сырлы әлем сыңғыры» атты кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.
Рухани кешке ауданның зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері, жастар мен әдебиетсүйер қауым қатысып, жас қаламгердің шығармашылығына қолдау білдірді.
Іс-шара барысында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратунов авторға арнайы Алғыс хат пен сый-сияпат табыстап, жылы лебізін жеткізді. Құттықтау сөзінде кітаптың жарыққа шығуы ауданның мәдени-рухани өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтіп, Мейрамбек Әбдуәліге шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Кеш барысында кітаптың тұсауы кесіліп, қаламгердің шығармашылық жолы мен әдеби еңбектері туралы кеңінен әңгіме өрбіді. Зиялы қауым өкілдері мен әдебиет майталмандары жаңа туындының мазмұнына тоқталып, автордың шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді. Олар кітаптың ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың рухани тәрбиесіне оң ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Шара аясында ақынның өлеңдері оқылып, өнерпаздар әдеби-музыкалық композициялар орындады. Жастар қаламгермен еркін пікір алмасып, шығармашылық әлеміне қатысты сұрақтарын қойды.
Өз кезегінде Мейрамбек Әбдуәлі кешті ұйымдастырушыларға, кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен азаматтарға және оқырмандарына алғысын білдіріп, алдағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті.
«Сырлы әлем сыңғыры» – автордың туған жерге деген сүйіспеншілігін, адамгершілік пен рухани құндылықтарды арқау еткен ой-толғамдары мен өмірлік көзқарастарын қамтитын тағылымды туынды. Бұл еңбек ұлттық әдебиет қоржынына қосылған құнды шығармалардың бірі ретінде оқырман қауымның ықыласына бөленері сөзсіз.
Осындай мазмұнды рухани шаралар аудан тұрғындарының әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және мәдени өмірді жандандыруға өз үлесін қосып келеді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.