2026 жылғы 13 маусымда Шардара ауданы әкімдігі тарапынан судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды меморандумға қол қою рәсімі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Шардара су қоймасы аумағындағы жағажайларда азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ жазғы шомылу маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу.
Келісімге Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Арал–Сырдария бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, аудандық прокуратура, полиция бөлімі, көлік инспекциясы, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі, сондай-ақ Қазсушар және өзге де тиісті мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиында су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жағажай аумағында қызмет көрсететін кәсіпкерлер мен мүдделі тараптардың жауапкершілігін күшейту қажеттілігі атап өтілді. Қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Е.Каратунов бұл меморандум ведомствоаралық үйлесімділікті арттырып, тұрғындардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға оң әсер ететінін жеткізді.
Іс-шара соңында қатысушыларға алғыс білдіріліп, меморандум аясындағы міндеттемелерді уақтылы әрі тиімді орындаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі