Шағалалы Шардара төрінде білім мен парасаттың, заң мен тәртіптің және қаржылық қауіпсіздіктің асқақ салтанатына айналған «AL FARABI. Заң мен тәртіп. Қаржылық қауіпсіздік» атты республикалық интеллектуалдық ойыны жоғары деңгейде қорытындыланды.
Түркістан облысы әкімдігі, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және Шардара ауданы әкімдігінің бірлескен бастамасымен ұйымдастырылған бұл ауқымды білім додасы еліміздің әр қиырынан жиналған мыңға жуық үміткердің басын қосып, нағыз білімділерді анықтаған айтулы оқиғаға айналды.
Ауқымды жобаның салтанатты шымылдығын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев пен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, генерал-майор Ерболат Темірболатұлы Балғабаев арнайы ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жобаның басты мұраты:
— Жастар мен азаматтардың құқықтық сауаттылығын шыңдау;
— Қоғамда заманауи қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру;
— Жаңа Конституция аясында заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарын кеңінен насихаттау;
— Өскелең ұрпақтың бойында жауапты азаматтық ұстанымды дамыту.
Дүбірлі додаға қатысушылар тарих тереңіне бойлап, құқық негіздері мен ҚР Конституциясын, қаржылық қауіпсіздік пен күрделі логикалық тапсырмаларды қамтыған бірнеше тартысты кезеңнен өтті. Сұрмергендей сұрыпталған білім бәйгесі тек жарыс қана емес, парасат пен пайымның, ой ұшқырлығының шынайы мерекесіне айналды.
Салтанатты іс-шараның
жабылу рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, генерал-майор Ерболат Темірболатұлы Балғабаев, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан, Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев және Облыстық жастар ресурстық орталығы КММ басшысы Ернар Нұралыұлы Бектаев салтанатты түрде марапаттады.
Ой озықтары мен білім додасында дараланған үздіктерге арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлделер табыс етілді.
Бұл жоба — тек кезекті интеллектуалдық жарыс қана емес. Бұл — жас буынның құқықтық мәдениетін бекітіп, заман талабына сай қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы зор білім алаңы. Шардара төріндегі тағылымды дода білімнің құндылығын ұлықтап, еліміздің ертеңі болар дарынды жастардың басын қосқан үлкен рухани әрі зияткерлік серпіліс болды.
Бүгінгі жеңіс — тек тұғырдан көрінген жүлдегерлердің ғана емес, білімге сенген, ізденісті серік еткен әрбір жастың ортақ табысы. Заңға құрмет пен қаржылық мәдениетті қалыптастыру жолындағы осындай іргелі де ауқымды бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.
Білімді ұрпақ — әділетті қоғамның берік кепілі!