Бүгін Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, жоғары жетістіктерге қол жеткізген шардаралық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын арнайы қабылдады.
Кездесу барысында аудан әкімі Вьетнамның Дананг қаласында өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында топ жарған спортшылардың жеңісі – тек Шардара ауданының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мерейін үстем еткен айтулы жетістік екенін атап өтті.
Азия чемпионатының алтын жүлдегері, еркін күрестен Азия чемпионы Әділет Рысбай мен қыздар күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Арайлым Көпжасарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, арнайы сый-сияпат көрсетілді. Сондай-ақ жас спортшыларды үлкен жеңістерге жетелеген тәжірибелі жаттықтырушылар Мұхан Раимқұлов пен Нұрбол Байтугелов те аудан әкімінің Алғыс хатымен және сый-сияпатымен марапатталды.
Арман Романұлы өз сөзінде жастардың жеңісі – тынымсыз еңбек пен табандылықтың нәтижесі екенін айтып, спортшыларға ақ тілегін жеткізді.
– Сіздер Азияның кіл мықтыларымен сынға түсіп, көк Туымызды биікке көтердіңіздер. Бұл – үлкен мақтаныш әрі кейінгі буынға үлгі болатын жетістік. Осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында да ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның даңқын асқақтата беріңіздер. Біз әрдайым талантты жастарды қолдауға дайынбыз, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде жаттықтырушылар мен спортшылар көрсетілген құрмет пен қолдау үшін аудан басшылығына ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін аянбай еңбек ететіндерін жеткізді. Спортшыларымыздың жеңісті жолы жалғасып, Қазақстанның көк Туы әлемдік ареналарда әрдайым биікте желбірей берсін!