1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Шардара қаласындағы «Ақ шағала» мейрамханасында ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараның мақсаты — балалардың көңіл-күйін көтеру, оларға қуаныш сыйлау және қоғамның ерекше балаларға деген қамқорлығы мен қолдауын көрсету.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол балалардың амандығы мен жарқын болашағы – қоғамның басты құндылығы екенін атап өтіп, аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың атынан бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ аудан әкімінің атынан осы іс-шарада белсенділік танытқан әлеуметтік қызметкерлер мен демеушілерге Алғыс хаттар тапсырылып, олардың игілікті еңбектері жоғары бағаланды.
Іс-шара барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов қатысушыларды мерекемен құттықтап, мекеме қызметкерлері мен белсенді ата-аналарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік кеш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен, «Мейірім» орталығының ұйытқы болуымен және «Рахым. Сауап» қоғамдық бірлестігі мен демеушілердің демеуімен жоғары деңгейде өтті. Ән мен биге ұласқан көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шара бүлдіршіндер мен қонақтарға ерекше әсер қалдырды.