Бүгін аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Шардара қаласындағы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте өткен «Білімім – Отаныма!» атты салтанатты жиынға қатысты.
Мерекелік іс-шарада аудан басшысы ұстаздар қауымын, ата-аналар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
Өз сөзінде аудан әкімі: «Бүгінгі түлектер – Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі. Сіздер сапалы білім алып қана қоймай, елін сүйетін, туған жеріне қызмет ететін азамат болып қалыптасуларыңыз қажет. Қай мамандық иесі болсаңыздар да, ең бастысы – еліңізге пайдаңызды тигізетін, халыққа адал қызмет ететін тұлға болыңыздар. Бұл мектеп мен үшін де ыстық, себебі мен де осы білім ордасының түлегімін. Сондықтан бүгінгі сәт мен үшін ерекше әсерлі», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Сонымен қатар жиында ұстаздардың еңбегі ерекше аталып өтті. Аудан басшысы шәкірт тәрбиелеудегі өлшеусіз үлестері үшін педагогтарға алғысын білдіріп, білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар ұлағатты ұстаздарды Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты кеш барысында мектеп бітіруші түлектердің жетістіктері таныстырылып, білім мен спорт саласында биік белестерді бағындырған озат оқушылар мен жеңімпаз жастарға ерекше құрмет көрсетілді.
Мектеп бітіруші түлектердің ұстаздарына деген құрметі мен қимастыққа толы әндері кештің әсерлі сәттеріне айналды.
Жиын соңында соңғы қоңырау үні соғылып, жас түлектер үлкен өмірге қанат қақты.
Ақ жол, жас түлектер!