Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының қатысуымен өткен іс-шарада «Ұлы Жеңіс рухына тағзым — ардагерлерге құрмет көрсетілді»

Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының қатысуымен өткен іс-шарада «Ұлы Жеңіс рухына тағзым — ардагерлерге құрмет көрсетілді»
Шардара ауданында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тағылымы мол мерекелік жиын өтті. Іс-шараға Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы қатысып, Шардара қаласындағы Мәңгілік алау ескерткіші алдында Отан қорғаушыларды бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды.
Аудан әкімі Арман Романұлы тұрғындар мен ардагерлерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, 9 мамырдың майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі мен еңбегін ұлықтайтын тарихи күн екенін атап өтті.
— Ұлы Жеңіс — халқымыздың бірлігі мен қайсар рухының айқын көрінісі. Бүгінгі бейбіт өмір мен Тәуелсіз Қазақстанның дамуы ардагерлердің жанқияр ерлігі мен адал еңбегінің нәтижесі. Аға буынның өнегелі жолы — жас ұрпаққа патриотизм мен елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Олардың ерлігі мен еңбегін құрметтеу — баршамыздың азаматтық парызымыз, — деді Арман Романұлы.
Іс-шара барысында соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ел алдындағы еңбегі ерекше аталып өтті. Бұл — ардагерлерді қолдау, тарихи жадыны сақтау және патриоттық тәрбиені нығайту бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты.
Салтанатты жиында еңбек ардагерлері Тоқсанбай Бердібеков, Тәңірберген Ағманов және Шардара аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Ербол Жұманов сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталды. Олар жастарды ел тәуелсіздігін құрметтеуге, заң мен тәртіпті сақтауға, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға шақырды.
Мерекелік бағдарламада патриоттық әндер орындалып, іс-шара жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рух пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған мазмұнды кездесу ретінде өтті.
Ардагерлерге құрмет көрсету — ұрпақ сабақтастығы мен елдік құндылықтардың айқын көрінісі. Батырлар ерлігі мен Жеңіс рухы халық жадында мәңгі сақталады.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі!!!