ҰЛЫ ЖЕҢІС – ҰЛТ РУХЫ МЕН ЕРЛІКТІҢ МӘҢГІЛІК ШЕЖІРЕСІ!

ҰЛЫ ЖЕҢІС – ҰЛТ РУХЫ МЕН ЕРЛІКТІҢ МӘҢГІЛІК ШЕЖІРЕСІ!
Құрметті Шардара ауданының тұрғындары, ардақты ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!
Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – ел тарихындағы ең қасиетті де қастерлі мерекелердің бірі. Ұлы Отан соғысында Отан үшін от кешіп, болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі мен жарқын келешегі жолында жанын пида еткен батыр бабаларымыздың ерлігіне тағзым ететін ұлы күн.
Жеңіс күні – тек тарихи дата ғана емес, ол – елдік пен ерліктің, батырлық пен бірліктің, рух пен қайсарлықтың мәңгілік символы. Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында кеудесін оққа тосқан жауынгерлер мен тылда күн-түн демей еңбек еткен азаматтардың жанқиярлығы халқымыздың өр рухын әлемге танытты. Сол бір өшпес ерліктің арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан астында өмір сүріп, Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын асқақтатып келеді.
Біз бүгінгі тыныш өмір мен тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін майданда қасық қаны қалғанша күрескен қаһармандарға, тылда тынымсыз еңбек еткен аға буын өкілдеріне мәңгі қарыздармыз. Олардың ерлігі – ел тарихындағы өшпес шежіре, отансүйгіштігі – кейінгі ұрпаққа өнеге.
Батыр бабалардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Әрбір майдангердің тағдыры – тарих, әрбір ардагер – ел мақтанышы. Сондықтан ардагерлерімізге құрмет көрсету, олардың өнегелі жолын ұлықтау – баршамыздың азаматтық әрі перзенттік парызымыз.
Жеңіс рухы – халқымыздың бірлігі мен ынтымағын айқындайтын ұлы құндылық. Бүгінгі ұрпақ батыр бабалардың аманатына адал болып, ел тыныштығы мен Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғауы тиіс. Берекесі бекем, бірлігі мығым еліміздің болашағы әрдайым жарқын болғай!
Осы мерейлі мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Көк Туымыз көкте әрдайым асқақ желбірей берсін!
ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Ізгі тілекпен,
Шардара ауданының әкімі
Қарсыбаев Арман Романұлы