Шардарада көктемгі дала жұмыстары мен су ресурстарын пайдалану мәселелері қаралды!!

Шардарада көктемгі дала жұмыстары мен су ресурстарын пайдалану мәселелері қаралды!!
Шардара ауданында су ресурстарын тиімді пайдалану, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және көктемгі дала жұмыстарының барысы бойынша мәжіліс өтті. Жиын облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың ауданға жұмыс сапары аясында ұйымдастырылып, онда ауданның 2026 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, су шаруашылығы саласындағы ахуал, көктемгі егіс науқаны, су үнемдеу технологияларын енгізу және инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Мәжіліске Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бердешов Жұмасұлтан Оразбекұлы, ауыл әкімдері мен тиісті ауылшаруашылығын қолдау мекемелері қатысты.
Жиында аудан аумағында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарының барысы баяндалды. 2026 жылы бұл технологияларды 8 мың гектар жерге енгізу жоспарланып, бүгінгі күнге дейін 7 959,3 гектар алқап қамтылғаны айтылды. Аталған жұмыстарды «КазКиоти», «Нөсер», «Жәрдем АС», «Казкрахмал» және «Агротехкредит» компаниялары жүзеге асыруда. Сонымен қатар кейбір мердігер ұйымдардың, оның ішінде «БНК групп» компаниясының жұмыс қарқыны төмен екені айтылып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.
Көктемгі егіс жұмыстары бойынша ауданда биыл 58 мың гектар егіс алқабын игеру жоспарланғаны атап өтілді. Негізгі дақылдардың қатарында мақта, жүгері, күріш және жоңышқа бар. Қазіргі таңда мақта, жүгері және бақша дақылдарын егу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында шаруаларға 2 630 тонна дизель отыны бөлініп, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ «Кең дала» бағдарламасы аясында 253 шаруашылыққа жалпы 2,31 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Мәжілісте су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты күріш егісінің көлемі қысқартылып, оның орнына су аз қажет ететін жүгері дақылының көлемі ұлғайтылып жатқаны айтылды. Сонымен қатар шаруашылықтардың басым бөлігі «Қазсушар» РМК-мен тиісті келісімшарттар жасаған.
Су шаруашылығы саласындағы ахуал бойынша Шардара су қоймасындағы су көлемі 5 132 млн текше метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда артқаны мәлімделді. Су келуі мен шығуы белгіленген режимге сәйкес реттеліп, ауданға бекітілген су лимиті 964,7 млн текше метрді құрап отыр.
Жиында зиянкестерге қарсы фитосанитарлық шаралардың барысы да қаралды. Ауданда 36 800 гектар жер зерттеліп, анықталған ошақтарда шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілгені айтылды.
Сонымен қатар Ислам даму банкінің қаржыландыруымен аудан аумағындағы 8 каналға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны баяндалды. Жалпы құны 6,38 млрд теңгені құрайтын жоба 2027 жылға дейін іске асырылып, нәтижесінде қосымша 910 гектар суармалы жер айналымға енгізіледі деп күтілуде.
Жиын қорытындысында су ресурстарын тиімді пайдалану, егіс құрылымын әртараптандыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтіліп, жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі!!