Шардара ауданы әкімінің орынбасары Е.Каратунов төрағалығымен ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу және жазғы кезеңдегі қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес аудан әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жазғы кезеңде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мәжіліс өткізілді. Жиын барысында су айдындарындағы қауіпсіздік, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың алдын алу, сондай-ақ өрт қауіпті кезеңдегі сақтық шараларын күшейту мәселелері қаралды.
Мәжілісте Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңы, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы және өрт қауіпсіздігі қағидалары негізінде жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.
Атап айтқанда: су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру; рұқсат етілмеген орындарда шомылуға тыйым салу жөнінде ескерту белгілерін орнату; тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейту;
білім беру ұйымдары, ауылдық округ әкімдіктері және төтенше жағдайлар бөлімдерімен бірлескен қауіпсіздік акцияларын өткізу; орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауды күшейту; құрғақ шөп пен қоқыс жағуға жол бермеу, өрт қауіпті кезеңде арнайы мониторинг жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан белгіленген өрт қауіпсіздігі және судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ескертіліп, құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғалардың Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылатыны айтылды.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Каратунов адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі басты назарда екенін атап өтіп, барлық қала және ауыл әкімдеріне профилактикалық іс-шараларды жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізуді тапсырды.