1986 жылдың 26 сәуірінде Украина жеріндегі Чернобыль атом электр станциясында адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі орын алды. Төртінші энергоблоктағы жарылыс салдарынан қоршаған ортаға аса қауіпті радиациялық заттар тарап, миллиондаған адамның өміріне зор қауіп төнді. Апат салдарын жою жұмыстарына бұрынғы Кеңес Одағы бойынша 600 мыңнан астам адам қатысса, олардың қатарында Қазақстаннан барған мыңдаған азамат болды.
Биыл Чернобыль апатына 40 жыл толуына орай, Жаушықұм ауылының тұрғыны, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагер Өмірзақ Қошақановқа құрмет көрсетілді.
Осыған байланысты Шардара ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратунов арнайы барып, аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан Өмірзақ Қошақановты мерейлі 80 жасымен құттықтады. Сонымен қатар, елге сіңірген еңбегіне ризашылық білдіріп, құттықтау хаты мен сый-сияпаттарын табыстады.
Өмірзақ Қошақанов Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысып, адам өмірі мен қоршаған ортаны қорғау жолында азаматтық борышын адал атқарған жандардың бірі. Оның ерлігі мен ел алдындағы еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі болатын тағылымды жол.
Чернобыль қасіреті – тек бір елдің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ қайғысы. Арада 40 жыл өтсе де, оның зардабы толық жойылған жоқ. Сондықтан апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың ерлігі мен есімін ұлықтау – бүгінгі буынның басты парызы.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі!!!