Шардара ауданында «Ұлттық құндылықтар апталығы» аясында тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор байқау жоғары деңгейде өтті.

Шардара ауданында «Ұлттық құндылықтар апталығы» аясында тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор байқау жоғары деңгейде өтті.
Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Жалпы ұлттық құндылықтар – ел дамуы» атты жобасы аясында ұйымдастырылған «Ұлттық құндылықтар апталығы» байқауы бекітілген кестеге сәйкес қала және аудандарда өтуде. Бүгін осы шара Шардара ауданында өз жалғасын тапты.
Шара барысында халқымыздың асыл мұралары – салт-дәстүр, ұлттық киім, қолөнер, спорттық ойындар, ұлттық тағамдар және күй мен жыр-терме өнері кеңінен насихатталды. Қатысушылар ата-бабадан аманат болған құндылықтарды сахна төрінде жаңғыртып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Байқауға ауданымыздағы бірқатар мекемелер белсене қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосты: Шардара қаласындағы №16 колледж ұжымы ұлттық киімдер көрмесін ұсынып, қазақы нақыштағы сән үлгілерін таныстырды. Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының апалар тобы салт-дәстүрлерді, соның ішінде керегеге орамал таңу дәстүрін сахналап, оның тәрбиелік мәнін көрсетті. Аудандық балалар саз мектебі күй, жыр-терме және ән өнері арқылы ұлттық рухты асқақтатты.
Сонымен қатар, «Қасиет» орталығы мен №16 колледж тарапынан қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, шеберлердің еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.
Шара соңында аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Түркістан қаласынан келген қазылар алқасы қатысушылардың өнеріне жоғары баға беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы еңбектеріне ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, байқаудың өтуіне үлес қосқан бірқатар азаматтар Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының алғыс хатымен марапатталды.
Осындай игі бастамалар ұлт руханиятын нығайтып, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие беретіні сөзсіз.