Бердібеков Тоқсанбай 1952 жылғы 2 қарашада Өзбекстан Республикасы, Фарыш ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1974 жылы Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласындағы В.В. Куйбышев атындағы ауыл шаруашылығы институтын зоотехник мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1976 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданындағы Шардара кеңшарының №1 фермасында зоотехник болып бастаған. 1977–1981 жылдары осы кеңшарда комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарды. 1987–1991 жылдары партия ұйымының хатшысы болды. 1991–1992 жылдары кеңшар директорының орынбасары, ал 1992–1994 жылдары кеңшар директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
1998 жылдың мамыр айында бірінші шақырылған Шардара аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Кейін:
– 1999 жылы қарашада екінші шақырылым,
– 2003 жылы қазанда үшінші шақырылым,
– 2007 жылы қыркүйекте төртінші шақырылым,
– 2012 жылғы 15 қаңтарда бесінші шақырылым Шардара аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарды.
Ал 2016 жылдың наурыз айында алтыншы шақырылған Шардара аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.
2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.
Тоқсанбай Бердібеков – Шардара ауданынан шыққан еңбек ардагері, тәжірибелі зоотехник, білікті шаруашылық басшысы және қоғам қайраткері. Ол ауданның қоғамдық-әлеуметтік өміріне белсене араласып, ардагерлердің мәртебесін көтеруге, жастарға тағылымды тәрбие беруге зор үлес қосып келеді.
1998 жылдан бері халық қалаулысы ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, ауыл шаруашылығы саласында, соның ішінде ферма басқару ісінде елеулі жетістіктерге жеткен.
Еңбегі еленіп, Түркістан облысының Құрметті азаматы атағына ие болған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған.
Осындай елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегелі өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі.