Бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауданда жүзеге асырылып жатқан тамшылатып суғару жүйелерін енгізу жұмыстарымен танысып, егістік алқаптарды аралады. Аудан басшысы су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданудың маңыздылығына тоқталып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы егіс алқаптарында ағын суды үнемдеу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы бағытта ауданда су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай облыста су үнемдеу технологияларын 25,0 мың гектарға жеткізу көзделген. Ал облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы ауданда су үнемдеу технологияларын 8 000 гектарға енгізу жоспарланып, бұл көрсеткіш ауылдық округтердің әлеуетіне қарай бөлінген.
Қазіргі таңда ауданда 7949,6 гектар егістік алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, келісім-шарттар жасау, субсидияларға өтінім беру және құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Бұл бағытта бірқатар серіктес мекемелермен бірлескен жұмыстар жүргізілуде:
– «БНК групп» ЖШС – 1369,9 га;
– «Каз Киоти» ЖШС – 2088,8 га;
– «Нөсер» ЖШС – 305,0 га;
– «Жәрдем АС» МҚҰ (Лихуа) – 2725,9 га;
– «Қазкрахмал» ЖШС – 1000 га;
– «Агротехкредит» ЖШС – 460 га.
Аталған жұмыстарды үйлестіру шаралары тұрақты бақылауда.
Су үнемдеу технологияларын енгізу – су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, егін өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.