Шардара ауданының әкімі А.Қарсыбаев аталған елді мекен тұрғындарының өтініштерін орындау мақсатында, ұзындығы 8 шақырымды құрайтын Жаушықұм–Қалғансыр аудандық маңыздағы автомобиль жолын салу үшін қаржы қаралды және мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Строительная компания "Строймонтаж"» ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Жобаның жалпы құны – 483,0 млн теңге.
Жоба аясында 2025 жылы су өткізгіш құрылғылар орнату, темір-бетон құбырлар салу және жер төсемін тегістеу жұмыстары жүргізілді. Нысан 2026 жылға өтпелі болып белгіленген.
Ағымдағы жылы жаңа жол салу жұмыстары 2 сәуірден басталып, мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бүгінде мердігер мекеме тарапынан жұмыстар қарқын алып келеді.
Бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаев аталған жол құрылысы жүргізіліп жатқан аумаққа арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Нысандағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетсек, бұл жолдың салынкын ауыл тұрғындары ұзақ уақыттан бері күтіп келген болатын. Жоба жүзеге асқаннан кейін елді мекендер арасындағы қатынас жақсарып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалады.