Қазақ спортының тарихында есімі алтын әріппен жазылған, татамиде талай мәрте көк туымызды көкке көтерген қайсар спортшы – Донбаев Базарбек Орынбайұлы.
Ол 1979 жылы 11 маусымда Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Көксу ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Төлеген Айбергенов атындағы жалпы білім беретін мектептің табалдырығын аттап, кейін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық мектеп-интернатында білім алды. 1996 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің заң факультетіне түсіп, 2000 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқуын жалғастырды.
Бала күнінен табандылық пен қайсарлықты серік еткен Базарбек Орынбайұлы үлкен спортқа ерте араласып, аз уақыт ішінде халықаралық ареналарда жарқырай көрінді. 1994 жылдан бастап түрлі халықаралық жарыстарда топ жарып, өзінің мықтылығын дәлелдеді.
Самбо мен дзюдоны серік еткен спортшы: – 1996 жылы Украинада өткен әлем чемпионатында топ жарып, Әлем чемпионы атанды;
– сол жылы Ресейдің Красноярск қаласында Азия чемпионы болды;
– 1997 жылы Санкт-Петербургте өткен жарыста қайтадан Әлем чемпионы атанды;
– 1999 жылы Ақтөбеде өткен додада да Әлем чемпионы болып, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді;
– Жапонияда өткен Шығыс Азия ойындары мен Кадокан турнирінде қола жүлдеге ие болды.
Олимпиада аренасында да ел намысын абыроймен қорғады. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында үздік бестікке енсе, 2004 жылы Афина Олимпиадасында үздік жетілік қатарынан көрінді.
Халықаралық деңгейде де жоғары нәтижелерге қол жеткізді: – 2001 жылы Алматыда дзюдодан Азия чемпионы атанды;
– сол жылы Минск қаласында өткен Әлем кубогында жүлдегер болды;
– 2002 жылы Пусан қаласындағы Азия ойындарының күміс жүлдегері;
– 2003 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері;
– 2007 жылы Кувейт қаласында өткен Азия чемпионатында қола медаль иеленді.
Оның әрбір жеңісі – ел мерейі, әрбір белдесуі – намыс пен жігердің айқын көрінісі болды.
Спорттағы жарқын жолын шәкірт тәрбиелеумен жалғаған білікті бапкер 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы ретінде еңбек етіп, шәкірті Отгонцэцэг Галбадрахтың қола жүлде иеленуіне зор үлес қосты.
Базарбек Донбаев – тек жеңімпаз спортшы ғана емес, қайсар рухтың, тынымсыз еңбектің және елге деген адал қызметтің символы.
Осындай тұлғалар – ұлттың мақтанышы, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін жарқын үлгі.