Кәттебеков Сырбек Кәттебекұлы 03.07.1925 жылы Шымкент облысы, Қызылқұм ауданы, Шардара ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Төребеков Кәттебек Сырдария өзеніндегі балық шаруашылығында балықшы, ал анасы Төребекова Мария колхоз жұмысшысы (соғыс жылдары кезінде колхоздың партия ұйымының төрайымы) болып жұмыс атқарған. Әкесі 1931 жылы ұзаққа созылған кеселден қайтыс болып кетеді де 6 жасында қарындасы Ақнұр екеуі әкеден ерте жетім қалады. Сүйеніш болатын асқар тау әкесі жоқ екендігін түсінген бала ерте есейіп өзінің зеректігінің арқасында 7-сыныптық мектепті “өте жақсы”деген бағамен бітіріп шығады. Мектеп бітіргеннен кейін еңбек жолын 1939-1943 жылдарда Мақтаарал ауданы, Карл Маркс ауылында қарапайым жұмысшы болып бастайды. Оқуын ары қарай жалғастырамын деп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Сырбек Кәттебеков 1943 жылы майданға Мақтаарал ауданынан аттанады. Соғыс кезінде поезд эшелонында ауыр жарақаттанып елге қайтарады. Елге келген соң Шымкент милиция басқармасына қарасты Мақтаарал аудандық ішкі істер бөлімшесінде учаскелік милиция қызметкері болып 1944-1953 жылдар аралығында жұмыс атқарады.1953 жылы Шымкенттегі колхоз председательдерін даярлайтын ауыл шаруашылық орта мектебіне оқуға түсіп,1956 жылы 24-қыркүйекте мемлекеттік квалификация комиссиясының қарары бойынша “кіші аграном” деген квалификация берілді. Бұл оқу орнында “үздік белгі” дипломымен бітіріп шықты. Оқу бітіргеннен соң Шымкент облысы, Жетісай ауданы, Мақталы елді мекенінің 1-бөлімшесінде 1956-1962 жылдар аралығында аграном, бөлімше меңгерушісі қызметтерін атқарады. (Осы ауылда Сырбек Кәттебековтің бастамасымен тұщы және ішуге жарамды ауыз су нүктесін анықтап, су шығаратын ваккумді мұнара орнатқан, қазіргі кезде халық тұрғындары әлі күнге дейін сол нүктедегі құрылғы арқылы таза ауыз суды пайдалануда). Қазақстан коммунистік партия мүшелігіне кірген уақыты 1957 жылдың мамыр айы. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, 1970 жылы Ташкент ауылшаруашылық институтын агроном мамандығы бойынша, мемлекеттік комиссияның шешімімен “ғалым агроном” деген квалификациясы беріліп, оқу орнын ойдағыдай бітіріп шықты. 1963 жылы Қазақ ССР ауыл шаруашылығы министрлігінің, колхоздың және совхоздың жетекші кадрларын дайындайтын Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институты жанындағы бір жылдық жоғары мектепті бітіріп шықты.1963-1969 жылдары Сырдария облысы, Киров ауданы, ХХ-Партсьезд, Винсовхоз, 30-жылдық совхоздарында агроном, бөлімше меңгеруші, аға агроном, бас агроном қызметтері сияқты түрлі жұмыстарды атқарады. 1969-1971 жылдары Шымкент облысы, Шардара ауданы,Отябрьдің 50-жылдығы совхозында бөлімше меңгерушісі қызметін атқарды.1970 жылдары Шардара ауданынан көптеген совхоздар құрылып, соның ішінде Республиканың тапсырмасымен жаңадан ашылатын күріш совхоздарға басшылық құрамдарға резерв іскер кадрлар іріктелді. Резерв кадрлардың тізіміне Сырбек Кәттебеков те енді. Оларды тәжірибе алмасу мақсатында Қызылорда облысына күріш өсірудің атасы Ыбырай Жақаевтің еңбектерімен танысу үшін іс-сапарға жіберілді. Семинардан келген кейін көп ұзамай, яғни 1971 жылы Сырбек Кәттебеков Шымкент облысы, Шардара ауданы, жаңадан құрылған ”Қазақстан” совхозына директор лауазымына тағайындалды. Ол кісі директор бола салысымен барлық сала бойынша сапалы кадрларды барынша тартуға мән берді. Көрші республика, облыс, аудан көлемдерінен отбасыларды көшіріп әкеліп, үй беріп, ауылдың ірге тасын құрады. Совхоз активтерінен бастап қарапайым күрішшіге дейін іскер азаматтардан жиналған “Қазақстан” ауылы күріш өсіруде совхоз бойынша орта есеппен әрбір гектарынан 80-90 центнерден өнім алып бірнеше мәрте Совет Одағы бойынша Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. 70-80-90 жылдарында Москва қаласында орналасқан бүкіл одақ бойынша ауыл шаруашылық саласында жоғары өнім алған елді мекендер туралы көрменің (Выставка Достижений Народного Хозяйства) құрмет тақтасында “Қазақстан” совхозы 10-жыл бойы ілініп тұрған. 80-жылдарда мемлекеттік жоспарға сәйкес ауыл шаруашылық өнімдерін дамыту үшін ауылдарды жаппай ірілендіру жұмыстары қолға алынды. Осы мақсатта ”Қазақстан” мен көрші “Целинный” совхоздарын біріктіріп, екі ауылды қосып “Қазақстан” елді мекені қайта құрылып халық саны мен егістік жер көлемі ұлғайды. ”Целинный” совхозы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру нәтижелері төмен көрсеткіштерді көрсетіп жүрген. Совхоздың төмен өнімділігінің себебін зерттеп, зерделеген ғалым агроном Сырбек Кәттебеков, ол ауылдың суғармалы жерлерінің жер бедері қыртыстарының түзу емес және агротехникалық жұмыстар қажет екендігін анықтап, барлық екі ауылдың техникаларын жерді егістікке сәйкестендіру жұмыстарына салады. Қорытындысында келесі жылы күріштің өнімділігі бұрынғы “Целинный” сохозының егістік жерлері, ”Қазақстан” совхозының егістік жерлерінен де озып кетеді. Сырбек Кәттебековтың жұмыс істеу әдістемесі туралы айтсақ, ол кісі таңғы сағат 5-6-да егістік жерлерді аралап, сағат 9-00-де жұмыс кеңсесінде болатын. Бұл ол кісі үшін үйреншікті әдет. Сонан соң күріштік алқабында болып жатқан жағдайларды актив мүшелері мен жұмысшыларға таныстырып отыратын. 1979-1980 жылдары СССР ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты колхоз және совхоз басшы кадрлардың квалификациясы бойынша жоғарғы мектепті оқып бітірді. Сырбек Кәттебеков 1981 жылы, ақпан айында Алматы қаласында өткен Қазахстан компартиясының XV-сьездіне делегат, 1983,1986 жылдары аудандық VII және VIII партия конференциясында Қазақстан Компартиясы Шардара аудандық комитетінің мүшесі, 1987,1989 жылдары №70 сайлау округінен Шардара аудандық советінің депутаты болып сайланды. Сырбек Кәттебеков Шардара ауданы, “Қазақстан” кеңшарын 22-жыл басқарып 15 қараша 1992 жылы қайтыс болып артында өшпестей із қалдырып кетті. Қазіргі таңда Алатау батыр ауылында мектеп пен көшенің атауы Сырбек Кәттебековтың атымен аталады.
Сырбек Кәттебекұлының марапаттары: —Ленин ордені, 24 желтоқсан 1976 жыл. —Қызыл Ту ордені, 13 желтоқсан 1972 жыл. —Октябрь Революциясы ордені, 22ақпан 1982жыл. —“1973 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы”- атты құрмет белгісі. 31 қаңтар 1974 жыл. —“1974 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы”- атты құрмет белгісі. 11 қаңтар 1975 жыл. —“1975 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы”- атты құрмет белгісі. 19 қаңтар 1976 жыл. —“1977 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы”- атты құрмет белгісі. 31 қазан 1977 жыл. —“Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері” құрметті атағы. 10 сәуір, 1987 жыл. —”За достигнутые успехи в развитии народного хозяйства СССР” –атты алтын медалі. 17 июнь 1983 жыл. —”За освоение Целинных земель”- атты медаль. 12 наурыз 1984 жыл. —“ВЕТЕРАН ТРУДА”- атты медаль. 21 июль 1986 жыл. —”Қазақ ССР 1954-1974 гг ЦЕЛЛИНЫ – ХХ лет”- атты медаль. —“ЗАСЛУЖЕННЫЙ РАБОТНИК СЕЛЬСКОГО ХОЗЯЙСТВА СССР” құрметті атағы. 23 сәуір 1991 жыл.
Кәттебеков Сырбек Кәттебекұлы жұбайы Пазылбекова Роза екеуі 11 ұл-қыздарды дүниеге әкелді. Қызметтестері мен қол астындағылар ол кісіні қатал, түсі суық жан еді деп жатады. Бұл оның жұмысты талап еткен кездегі құбылысы болса керек. Ал үйде, жалпы отбасы мүшелеріне көзқарасы, мейірімі, тәрбиесі бөлек еді. Қарапайымдылығы, отбасына жайлылығы соншалық, жұмыстан шаршау келіп, бір нәрсеге ренжіп немесе ұрсып жатқан кездерін көрмеппіз. Бір сөзбен айтқанда үлкен отбасының алтын діңгегі, арқа тұтар қамқоршысы еді. “Орнында бар оңалар” демекші әкенің тәрбиесін көрген, орнын жоқтатпай отырған ұл-қыздары бүгінде өнегелі, тәрбиелі жандар болып тірлік көшін жалғастыруда.
(Естелік атамыздың көзін көрген кісілер мен отбасы мүшелерімен ақылдаса отырып жазылды.)
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
