ШАРДАРА АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

ШАРДАРА АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Бүгін, 2026 жылдың 22 наурызы күні Шардара ауданында ел игілігіне арналған бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанаты өтті. Бұл игі шара Сүткент және Көксу ауылдық округтерінде жалғасып, тұрғындарға ерекше қуаныш сыйлады.
Алдымен Сүткент ауылдық округінде заманауи талаптарға сай салынған жаңа спорт залы пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде бұл спорт нысанының жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулудағы, олардың бойында жігер мен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, болашақта осы спорт залынан талай дарынды спортшылар түлеп ұшып, ел намысын қорғайтын чемпиондар шығатынына сенім білдірді.
Жаңа спорт залы бір мезетте 60 балаға дейін қабылдай алады. Мұнда жаттықтырушылар бөлмесі, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, сондай-ақ заманауи жабдықталған күрес залы қарастырылған. Аталған нысанда еркін күрестен жаттықтырушы Рахматпури Расул Ахматоглы жұмыс атқарады.
Салтанатты сәтте аудан әкімі спорт залына заманауи түрлі түсті теледидар сыйға тартып, ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстады.
Мұнан соң аудан басшысы Көксу ауылдық округіндегі жаңа мәдениет орталығының ашылу рәсіміне қатысты. Жиналған көпшілікті әз Наурыз мейрамымен құттықтаған аудан әкімі бұл нысанның ауыл тұрғындары үшін рухани жаңғырудың алтын ордасына айналатынын ерекше атап өтті.
Өз сөзінде ол мәдениет ошақтарының қоғамдағы орны айрықша екенін айтып, мұндай нысандар ел бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Жаңа мәдениет орталығы ауылдың мәдени өміріне серпін беріп, жас ұрпақтың тәрбиесі мен шығармашылығына кең мүмкіндік ашатынын атап өтті.
Салтанатты жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталып, олардың еңбегі ел алдында жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, мәдениет орталығы аумағында Халық қаһарманы Мәулен Қалмырзаның ескерткіш бюсті орнатылып, батыр рухына тағзым жасалды. Бұл – ұрпақ санасына отансүйгіштік рух дарытатын қадам екені сөзсіз.
Аудан басшысы мен ауыл ақсақалдары жаңа мәдениет үйін аралап, оның заманауи талаптарға толық сай жабдықталғанымен танысты. Орталықта кең әрі жарық кітапхана, кездесулер мен жиындарға арналған мәжіліс залы, ардагерлер бөлмесі, ауыл тарихынан сыр шертетін мұражай, ұлттық өнерді дәріптейтін қолөнер кабинеті және басқа да мәдени бағыттағы бөлімдер қарастырылған.
Бұл игі бастамалар – ауыл өміріне тың серпін беріп, тұрғындардың рухани әрі әлеуметтік сұранысын қанағаттандыратын, бірлік пен берекенің, тағылым мен тәрбиенің ордасына айналатын маңызды қадамдар екені анық.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі