ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН КӨРКЕМ ШАРА

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН КӨРКЕМ ШАРА
2026 жылдың 18 наурыз күні Шардара ауданында Наурыз мерекесіне орай ұлттық киім күні аясында «Өмірге сән сыйлаған аналар» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымы мол ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Шараны Шардара ауданы әкімдігінің «Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне» қарасты «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мамандары мен «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы бірлесе өткізді.
Ұлттық киім – халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен болмысын айшықтайтын асыл мұра. Бұл күн – ата-бабадан аманат болған құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған маңызды мереке. Ұлттық киім – ұлттың айнасы, ал оны мақтанышпен кию – рухани тамырымызға деген құрметтің белгісі.
Мерекелік шараның ашылуында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Шардара аудандық ақсақалдар кеңесі мен аудандық «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрағасы Қыстау Ілесов және аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маман Асылхан Данияров құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрайымы Бибігүл Көшекеева ұлттық киімнің тәрбиелік мәні мен рухани құндылығын кеңінен насихаттады.
Іс-шара барысында «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі, Шардара ауданының құрметті азаматы Жарылқасын Мұталиева ансамбльдің тарихымен бөлісіп, сахнада киген ұлттық киімдерін мұражай қорына табыстады. Сонымен қатар «Қасиет» орталығынан қызмет алушы Тасбике Серікбаева әкесінен қалған құнды жәдігер – түлкі ішігін музейге сыйға тартып, ұлттық мұраның сақталуына өз үлесін қосты.
Айта кету керек, мерекелік шара аудан әкімдігі алдынан бастау алған ұлттық киімдегі шеру арқылы ерекше әсер қалдырды. «Тұңғыш Президент» саябағы арқылы мұражайға дейін жалғасқан бұл керуенде ата-әжелер ән шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл көрініс Наурыз мерекесінің шырайын аша түсті.
Ұлттық киімді ұлықтау – өзіңді, өз тарихыңды құрметтеу. Бұл – тек өткенге тағзым емес, болашаққа бағытталған сенімді қадам. Сондықтан ұлттық киім – халқымыздың рухани байлығы, мәңгілік мұрасы. Оны дәріптеу – ұлтқа деген сүйіспеншіліктің ең көркем көрінісі.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі