АУДАН ӘКІМІ АРМАН ҚАРСЫБАЕВ КЕЗЕКТІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

АУДАН ӘКІМІ АРМАН ҚАРСЫБАЕВ КЕЗЕКТІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
Бүгін аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Қабылдауға AMANAT партиясының Шардара аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Бауыржан Шомпиев қатысты. Қабылдауға келген азаматтар түйткілді мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ашық жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көпқабатты тұрғын үйге газ қосу, балалар ойын алаңшасын салу, ауыз су қызметіне қатысты келісімшарт түзу, қоғамдық көлік тоқтайтын аялдама орнату, сондай-ақ тазалық мәселелері жөнінде өтініштер айтылды. Сонымен қатар, өсімдіктерді қорғау мәселесі де қозғалып, бұл бағытта жүйелі әрі жауапты жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Қабылдауға келген көпбалалы ана тұрғын үй алу мәселесін көтерді. Аталған мәселе бойынша баспананың заңнамаға сәйкес кезек тәртібімен берілетіні, кезегі келген уақытта тұрғын үй ұсынылатыны жан-жақты түсіндірілді.
Аудан әкімі бірқатар өтініштерді қысқа мерзім ішінде шешуді нақты тапсырды. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйге газ қосу жұмыстарын жеделдету, аялдама орнату және ауыз суға қатысты келісімшарт түзу мәселелерін заң талаптарына сай шұғыл түрде қарастыруды міндеттеді. Әрбір көтерілген мәселе мұқият тыңдалып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Арман Романұлы көтерілген мәселелердің созбалаңға салынбай, тұрғындар игілігі үшін дер кезінде әрі сапалы орындалуы керектігін қадап айтты.
Халықпен тиімді кері байланыс орнату және нақты нәтижеге қол жеткізу – басты назарда.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі