Бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаев ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан чемпионы атанған жас спортшыларды арнайы қабылдады. Кездесу барысында аудан басшысы чемпиондарды жарқын жеңістерімен құттықтап, оларға Алғыс хат пен қаржылай сыйлық табыстады.
Қабылдау барысында аудан әкімі Арман Романұлы:
— «Сіздердің бүгінгі жеңістеріңіз – тек жеке табыс емес, бұл – ауданымыздың мерейі. Осындай жетістіктер арқылы Шардараның спорттағы абыройы асқақтап келеді. Жастарымыздың спортқа деген қызығушылығы артып, биік белестерді бағындыруы біз үшін үлкен қуаныш. Ең бастысы – табандылық пен еңбек. Сіздер осы қасиеттердің үлгісін көрсеттіңіздер. Алдағы уақытта да халықаралық ареналарда көк Туымызды көкке көтеріп, Олимпиада чемпионы атанады деген сенімдемін. Біз әрдайым сіздерге қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Айта кетсек, 2026 жылдың 20 ақпаны мен 3 наурызы аралығында Астана қаласында өткен Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U17 және U20 жас ерекшеліктері арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсетті.
Әйелдер күресінен 53 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Көпжасар Арайлым барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, финалда павлодарлық қарсыласын 6–1 есебімен ұтып, алтын жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ еркін күрестен 2009–2010 жылы туған жасөспірімдер арасында 71 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Рыспай Әділет те барлық қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды.
Чемпиондарды дайындаған жаттықтырушылар — еркін және әйелдер күресінің бапкері Байтүгелов Нұрбол және еркін күрес жаттықтырушысы Райымқұлов Мұқан да аудан әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай сыйлығына ие болды.
Кездесу соңында спортшылар аудан абыройын асқақтатуға әрдайым дайын екендерін білдіріп, алдағы жарыстарда да жеңіс тұғырынан көрінуге уәде берді.