1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті Шардара ауданының тұрғындары!
Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Алғыс айту күні – ел бірлігін бекемдеп, татулық пен келісімді ту еткен халқымыз үшін айрықша маңызы бар мереке. Бұл – тарихтың қилы кезеңдерінде қазақ жерінен пана тапқан түрлі этнос өкілдерінің дархан көңілді қазақ халқына деген ризашылығын, сондай-ақ ортақ Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін білдіретін күн.
Қазақ халқы қашанда кеңпейілдігімен, бауырмалдығымен ерекшеленген. Тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған қаншама ұлт пен ұлысты жатсынбай, бір шаңырақтың астына топтастыра білді. Соның нәтижесінде бүгінде көпұлтты қоғамымыз өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген берік бірліктің үлгісіне айналды. Бұл – тәуелсіз еліміздің ең басты жетістіктерінің бірі.
Алғыс айту күні – тек өткенге құрмет білдіру ғана емес, бүгінгі бейбіт өміріміздің қадірін терең сезінетін, бір-бірімізге ризашылық танытып, ізгі ниет білдіретін мерейлі сәт. Қарапайым «рахмет» сөзінің өзінде үлкен мән бар. Ол – сыйластықтың, адамгершіліктің, парасаттылықтың белгісі.
Бүгінде ауданымызда түрлі этнос өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, мәдениет пен спорт салаларында еңбек етіп жүрген азаматтарымыздың барлығы – ауданымыздың өркендеуіне қызмет етіп келеді. Ортақ мақсат жолындағы осындай ынтымақ пен бірлік – табысты дамудың басты кепілі.
Бұл мереке – аға буынның ерлігі мен еңбегіне тағзым етіп, жас ұрпақты отансүйгіштікке, татулық пен құрметке тәрбиелеудің маңызды құралы. Өйткені ел болашағы – бірлікте. Өзара сенім мен түсіністік бар жерде ғана тұрақтылық пен өсіп-өркендеу болады.
Осы айтулы күні баршаңызды бір-біріңізге жылы сөз айтып, алғыс білдіруге шақырамын. Әр шаңыраққа амандық, мықты денсаулық, береке мен ырыс тілеймін! Ынтымағымыз нығайып, бірлігіміз арта берсін! Туған өлкеміз дамып, әр отбасының мерейі үстем болсын!
Ізгі құрметпен,
Шардара ауданы әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев