АУДАН ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ

АУДАН ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ
Бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаев Шардара қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады.
Алдымен Тама су құбырының 14-ші бекетінде орналасқан резервуар және насос станциясының құрылысы таныстырылды. Мердігер мекеме «Алтын Констрашн» ЖШС өкілі нысандағы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Қаладағы екі су резервуарының құрылысы аяқталу кезеңінде. Қазаншұңқыр қазу, төсеніш бетон құю, табаны мен қабырғаларын бетондау жұмыстары толық аяқталған. Гидрооқшаулау жүргізіліп, ішкі стяжка құйылған, жабын плиталары орнатылған. Қазіргі таңда дренаждық құдық орнатылуда.
Насос станциясының іргетасы толық құйылып, кірпіш қалау, гидрооқшаулау және кері көму жұмыстары орындалған. Парапет жасау және керамзит төсеу жұмыстары жалғасуда.
КПП ғимаратының іргетасы құйылып, қабырғалары қаланып, жабын плитасы орнатылған. Қазіргі уақытта сылақ жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ сарқынды су шұңқырының бетондау жұмыстары аяқталып, қоршау орнату жұмыстары атқарылуда.
Жалпы құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Бұдан кейін аудан басшысы Шардара магистралды каналының «Қазкрахмал» ЖШС жүгері зауыты тұсындағы бөлігіне геомембрана (пленка) төсеу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар «Қазкрахмал» ЖШС-ға баратын жолды абаттандыру жұмыстары да назарға алынды.
Аудан әкімі Арман Романұлы жауапты сала мамандарына құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі