ҚОЛ КҮРЕСІ СПОРТЫНАН ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ АШЫҚ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ

ҚОЛ КҮРЕСІ СПОРТЫНАН ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ АШЫҚ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ
Бүгін 9 ақпан – Шардара армспортының негізі қаланған күнге орай Шардара қаласындағы спорт кешенінде қол күресі спортынан Шардара ауданының ашық біріншілігі салтанатты түрде басталды. Аталған жарыс «Шардара Армспорт күніне» арналды.
Салтанатты шараға аудан спортшылары, ардагерлер, спорт сүйер қауым мен қонақтар қатысты. Жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімі, Шардара армспорт спорт клубының негізін қалаушы Қарсыбаев Арман Романұлы қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Өз сөзінде аудан әкімі армспорттың жастарды төзімділікке, табандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды спорт түрі екенін атап өтті.
Шара барысында еліміздің көк туын әлемдік және халықаралық ареналарда желбіретіп жүрген Шардара армспорт клубының үздік спортшылары ерекше құрметке ие болды. Жыл қорытындысы бойынша бірқатар спортшыларға аудан әкімінің алғыс хаты мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, салтанатты жиында армрестлингтен жасөспірімдер арасында төрт дүркін әлем чемпионы Маманияз Жасурбекке Шардара армспорт спортшылары атынан 5 бөлмелі тұрғын үйдің кілті табысталды. Бұл – жас чемпионның ел намысын қорғап, биік белестерді бағындырған еңбегіне көрсетілген зор құрмет.
Айта кетейік, чемпионның анасы – көп балалы, жалғыз басты ана, сегіз ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты жан. Бұл қуаныш тек бір отбасының ғана емес, барша Шардара жұртшылығының ортақ қуанышына айналды.
Шара соңында қатысушыларға алдағы жарыстарда толағай табыс тілеп, армспортты дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі