Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына қатысты маңызды мәселелерге тоқталды. Президент өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың қоғамды ұйыстыратын, елдік мүддені айқындайтын маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қызылорда өңірінің қазақ тарихындағы, руханияты мен мемлекеттілігіндегі айрықша орнына тоқталып, Сыр бойының көне өркениет ошақтары, жыршылық-жыраулық дәстүрі және еңбек адамдары арқылы ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Сыр – Алаштың анасы» екенін айтқан Президент бұл өңірдің ұлт тағдырында алар орны бөлек екенін жеткізді.
Ұлттық құрылтай аясында ел болашағына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, пайдалы пікір алмасулар жүргізілді.
Осыған орай, Шардара ауданы әкімінің аппарат басшысы Б. Шомпиев аудан әкімдігі жанында Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерілген мәселелер бойынша арнайы жиын өткізіп, Мемлекет басшысының баяндамасында айтылған негізгі бағыттар мен міндеттерге тоқталды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б. Туребеков және бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Баяндамашы Бауыржан Қуанышбайұлы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда атап өткен ел дамуы мен болашағына байланысты атқарылатын жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында ауданда үгіт-насихаттық топ құрылып, жұмыс жүргізілетінін айтты.