Шардара қаласында аудан әкімінің орынбасары Ж.Бердешовтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған жиын өтті.
Кездесуде көктемгі және күзгі дала жұмыстарын уақытылы әрі тиімді жүргізу, су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ суды аз қажет ететін дақылдарды егу мәселелері кеңінен талқыланды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ж.Жолдасбеков шаруаларға:
несиені дер кезінде алу,
тыңайтқыштар мен жанар-жағармайды белгіленген мерзімде пайдалану,
өнімділікті арттырудың заманауи тәсілдерін қолдану жөнінде нақты түсіндірме берді.
Жиынға қаржылық ұйымдар да қатысып, несие алу тәртібі мен шарттары таныстырылды. «Ырыс» МҚҰ өкілдері 5 пайыздық несиеге құжат қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, өтінімдер кезең-кезеңімен қаралатынын хабарлады.
Аудан әкімінің орынбасары Ж.Бердешов барлық көтерілген мәселелер заң аясында шешілетінін, тиісті бөлімдер тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, су лимитін тиімді пайдалану және мемлекеттік қолдау шараларын орынды қолдану қажеттігі ескертілді.
Жиын соңында шаруалардың ұсыныстары назарға алынып, нақты жұмыстар жүргізілетіні айтылды.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі